Пошташының жалақысынан қайыршының садақасы көп
Солтүстік Қазақстан облысында 0,1 ставкада істейтін пошташының еңбекақысы 7 мың теңге
Тұрғындар арасында, әсіресе ауылдық жерлерде пошта қызметіне көңілі толмайтындар көп. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда мерзімді басылым таралымының төмендеп кетуіне де пошташыларды кінәлайтындар бар. Айшылық алыс жерлерден лезде хат-хабар жеткізуі тиіс мамандардың неге шабандап қалғанын Azattyq Ruhy тілшісі зерттеп көрген еді.
Белое ауылы Петропавл қаласының іргесінде орналасқан. Тұрғындар саны бір мыңға жақын. Пошта ғимараты жоқ, зейнетақы айына бір рет жергілікті серіктестіктің кеңсесінде таратылады. Жүріп-тұруы қиын қарттарға үйлеріне апарып береді. Арнайы ғимарат болмағандықтан күнде шығатын газет-журналды жеткізу тіптен тиын. Осы ауылдың тұрғыны Гүлбаршын Сейітханқызы 14 мың теңгеге мерзімді басылымдарға жазылған екен.
«Біз газет-журнал оқып өскен адамдармыз. Оқымасақ отыра алмаймыз. Сондықтан пошташы қашан келер екен деп елеңдеп отырамыз. «Иман» журналына, «Солтүстік Қазақстан» газетіне, аудандық басылымдарға жазылдым. Соңғы кезде газет-журналдарымды үйге әкелмейтін болды, ерінетін сияқты, ауылдағы дүкенге қалдырып кетеді. Ақшасын төлеп қойған дүние кім көрінгеннің қолында кетеді ғой», – деп налиды кейуана.
ПОШТАШЫ ТАБУ ҚИЫН
Осы ауылдық округ әкімінің орынбасары Бибігүл Мусина пошташы табу қиын екенін айтады. Себебі, 10 мың теңге жалақыға ешкім жұмыс істегісі келмейді. Сондықтан Лариса Коволенка есімді маманды жұмысына сын көп айтылса да амалсыздан төзіп отыр. Қазақстанда ең төменгі жалақы – 60 мың теңге екенін белгілі, 2023 жылдан бастап ол 70 мың теңге болады. «Қазпошта» АҚ-ның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Нұрбек Рүстемнің айтуынша, 7 мың теңге алатындар да бар екен. Бұл – 0,1 ставкада істейтіндердің еңбекақысы. Филиал директоры ауылдық жерлерге пошта аптасына екі рет қана жеткізілетінін, яғни пошташы қалған күндері бос болатындықтан ол күндерге ақы төленбейтінін айтады. Қазіргідей қымбатшылық қос бүйірден қысқан уақытта мұндай ақшаға күн көру мүмкін бе? Ауылдық жерде аптаның қалған күндерінде істейтін жұмыс қайдан табылсын. Сондықтан көбі 7 мың теңгені қанағат тұтады. Мұндай айлық алатын адамның еңбек етуге деген құлшынысы қандай болатынын болжай беріңіз. Келген хат-хабар мен газет-журналды уақытында жеткізіп бермейді, тіпті «өздерің үйден келіп алып кетіңдер» дейтін мамандар да бар екен.
ПОШТА ЖҰМЫСЫ СЫЛБЫР
Пошташылардың төмен жалақы алып, жұмыстарына салғырт қарауынан мерзімді басылымдардың таралымы күрт төмендеп кеткен. Мәселен, кезінде 10 мың тиражбен тараған «Солтүстік Қазақстан» газетінің таралымы соңғы кезде екі есеге дейін құлдырап отыр. Қалтасынан ақша шығарып алған газетін әкеліп бермеген соң тұрғындар жазылуды да қойған.
«Пошташыға артық жұмыстың қажеті жоқ. Тұрғындарды газет оқуға насихаттаудың орнынан жазылуға келіп тұрған адамның өзін түрлі сылтау айтып шығарып салатындар да жоқ емес. Себебі оның бір газет таратса да, жүз газет таратса да алатыны сол 7 мың теңге ғана. Артық жұмысты қайтсін? Бұрын ауылдың пошташылары үй-үйді аралап жүретін. Зейнетақы, жалақы түскен кезде өздері келіп, газет-журналдарға жаздыртатын. Осылайша халықтың да саяси сауатының ашылуына көмектесетін. Жақсы басылымдарды жарнамалайтын. Ал қазір ауыл тұрғындары пошташыны мүлдем көрмейміз деп шағымданады. Жақында тұрғындарды газетке жаздыру мәселесімен Солтүстік Қазақстан облысының жүз шақты ауылын аралап шықтық. Көбінің пошта қызметіне көңілі толмайды. «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» сияқты күнде шығатын газеттерді жинап, аптасына бір рет қана апаратын ауылдар да бар екен. Ішіндегі ақпараты ескіріп кеткен соң оны кім оқиды? Пошта қызметіне реформа жасау керек», – дейді «Солтүстік Қазақстан» облыстық газеті экономика бөлімінің меңгерушісі Өмір Есқали.
АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ АЗ ЖАЛАҚЫҒА ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ МӘЖБҮР
Бірер жыл бұрын интернет беттерінде «Қазпошта» АҚ-ның басқарма төрағасы бір миллион теңгенің үстінде айлық алатыны туралы ақпарат тарады. Ал пошташылардың кейбірі бертінге дейін еңбегі үшін 5 мың теңге алып келіпті.
Мардымсыз жалақыға қарамастан маңызды істі білек сыбана атқарып жүрген мамандар да баршылық. Мәселен Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданына қарасты Қарағаш ауылындағы пошташы Сәуле Сердалина үй-үйді аралап, тұрғындарды газетке жазғызудың, хат-хабарды иесіне лезде тапсырудың маңызды екенін жақсы түсінеді.
«Мен бертінге дейін 5 мың теңге жалақы алып келдім. Қазір қолға алытыным – 11 300 теңге. Ауылға пошта аптасына екі рет келеді. Яғни екі күн екі сағаттан жұмыс істеген болып есептелемін, 0,25 жүктеме. Жалақым аз болса да жұмысымды жақсы көремін. Осыдан тура 12 жыл бұрын поштаға қабылдандым. Жұмыссыз жүргенмін, айлығының аздығына қарамастан кіріп алдым. Себебі балаларым студент, ауылда басқа жұмыс болмады. Құдай қаласа, екі жарым жылдан кейін зейнетке шығамын. Газет-журналдардан бөлек, зейнетақыны да мен таратамын. Шағын ауыл болған соң бәрі жақындарым, туыс-туғандарым ғой. Лезде беріп шығамын, – дейді пошташы Сәуле Сердалина.
Алып шаһар Алматыдағы пошташылардың өзі осы күзде жалақының аздығын айтып, жұмысқа шығудан бас тартқан болатын. Қалада ұнамаса өзге жұмыс тауып алуға мүмкіндік бар. Ал ауылдықтар үшін басқа таңдау жоқ. Сондықтан көбі қайыршыға берген садақадай ғана еңбекақыға жұмыс істеуге мәжбүр.