«Ресей тарапы кешірім сұрады»: СІМ елші Бородавкиннің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді

Автор: Azattyq Rýhy

Дипломатпен тиісті әңгімелер өткізілді

Фото ашық дереккөзден

Ресей Федерациясының елшісі Алексей Бородавкиннің Қазақстандағы радикалды ұлтшылдар мен русофобия туралы мәлімдемесін ҚР СІМ түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров дипломатпен тиісті әңгімелер өткізілгенін мәлім етті.

Смадияров бұған дейін елшінің сөздеріне Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың жауап бергенін еске салды.

«Оның сұхбатының кейбір тұстары өзінің мәртебесіне сәйкес келмейді және оған еш пайдасын тигізбейді. Бородавкин мырза өте тәжірибелі дипломат болса да, ол үгітшілер мен саясаттанушыларға ұқсамауы керек», - деген болатын Қошанов өз жауабында.

«Бүгінгі таңда мәселе шешілді деп санаймыз. Ресейлік тараптың кешірім сұрауы қабылданды», - деді Айбек Смадияров.

Ол екі елдің қарым-қатынасын мемлекет басшылары анықтайтынын ерекше атап өтті.

«Президентіміздің Ресейге соңғы сапары кезінде Мәскеуде өткен келіссөздердің қорытындысы бойынша елдеріміздің басшылары дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай декларацияға қол қойды. Президент атап өткендей, осы уақыт ішінде мемлекеттеріміз достық пен тату көршіліктің берік байланыстарына негізделген өзара тиімді стратегиялық әріптестік құра алды. Біздің елдеріміз арасында сенімді сындарлы диалог орнатылып, ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жеткізілді. Біздің арамызда өткір сұрақтар жоқ», - деп қосты Смадияров.