$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Елімізде «Цифрлық университет» моделі енгізілмек

Аталған жоба жоғары оқу орындарының бірінің базасында іске қосылады

Елімізде «Цифрлық университет» моделі енгізілмек
Фото ашық дереккөзден

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ғылыми қызметтің ашықтығы мен нәтижелілігін қамтамасыз ету мақсатында барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлар субъектілерінің конкурстық рәсімдерін өткізу үшін цифрлық платформалар құру негізгі міндеттердің бірі.

Елімізде eGov электронды үкімет порталынын бөлек, өзге салалар да цифирлық форматқа ақырындап қадам басып келеді.  Үкімет басшысы бұл ретте әрбір ведомствоға нақты тапсырмалар жүктеді. Мәселен бүгінде білім берудің жаңа формасы – онлайн оқыту жүйесі енгізілді.

«Бұл студенттің цифрлық бейінін қалыптастыруды, яғни student life track, EdTech цифрлық сервистерін дамытуды, цифрландырудың озық трендтеріне сәйкес процестерді оңтайландыру мен цифрлық экожүйені қалыптастыруды көздейді.Қазіргі таңда Coursera, EdX тағы да басқа онлайн курстарының ауқымы кеңейтілді.Басқарудың және білім берудің қызметінің сапасын  арттыру мақсатында «Цифрлық университеттің эталондық стандарты» әзірленетін болады. Сонымен қатар, жоғары білімді цифрлық тұрғыдан трансформациялау мақсатында «цифрлық офицер» (CDО)  лауазымын енгізу тетіктерін жалғастырамыз», - деді Саясат Нұрбек Үкімет отырысындағы баяндамасында. 

Цифрлық университет моделін құрудың негізгі мақсаты – цифрлық технологиялар арқылы университеттегі негізгі процестер мен басқару процестерін түрлендіру. «Цифрлық университет» моделі білім беру процесіне ең заманауи технологияларды енгізуді, онлайн-платформаларды кеңінен пайдалануды, жекелендірілген білім беру траекториялары мен курстарын, кеңістік пен форматтардың жаңа мүмкіндіктерін іске асыруды көздейді.

«Цифрлық университет» моделі 4 негізгі бағыттан тұрады:

1. Деректерге негізделген басқару жүйелері.

2. Сандық білім беру технологиялары.

3. Жеке білім беру траекториялары.

4. Цифрлық экономиканың құзыреттері.

«Цифрлық трансформация жолында университеттер бірқатар мақсаттарды көздеуі тиіс. Олар білім беру сапасын арттыру және оқытудың барлық нысандарындағы студенттерді ынталандыру үшін заманауи технологияларды пайдалану, білім беру технологияларын енгізу есебінен білім беру қызметтерінің экономикалық тиімділігін арттыру, білім алушыларға жеке білім беру траекторияларын құру үшін мүмкіндіктер беру, онлайн-курстарды пайдалана отырып, желілік білім беру бағдарламаларын іске асыру кезінде жоғары оқу орындарымен өзара байланыс аясын кеңейту», - деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Камиль Ақатов.

«Цифрлы университет» моделін іске асыру шеңберінде Министрлік пилоттық жобаны іске асырмақ. Яғни аталған жоба жоғары оқу орындарының бірінің базасында іске қосылады.

«Цифрлы университет» моделі мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама модулін, қазақстандық ғылыми дәйексөз индексін, ғылыми ұйымдарды аккредиттеу модулін, плагиатқа қарсы тексеруді, дипломдық, магистрлік және докторлық жұмыстардың, сондай-ақ ғылыми еңбектер мен есептердің бірыңғай репозитарийлерін, мемлекеттік сыйлықтар мен конкурстарды, талдау модулін қамтитын ғылымның цифрлық платформасы болады. Қазіргі уақытта Министрлік ҒЗИ, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының және ғылыми қоғамдастықтың өзге де қатысушыларын тарта отырып, қазіргі заманғы технологиялық аспектілер мен тәсілдерді ескеріп, негізгі салалық процестерді қамтитын ғылымның цифрлық экожүйесі тұжырымдамасын әзірлеуді жүзеге асыруда.

«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сәйкес жоғары білім және ғылым саласында 24 қызмет көрсетіледі. 24 қызметтің тізіліміне сәйкес 4 (17 %) қызмет түрі «электрондық үкімет» порталында көрсетіледі, 17 (87 %) мемлекеттік қызметтің баламалы формасы бар, қалған 3 (12 %) қызмет түрі қағаз түрінде көрсетіледі. Министрліктің мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру дәрежесі 87,4% құрайды (21 автоматтандырылған мемлекеттік қызмет)», - деп нақтылады вице-министр.

Қазіргі уақытта Министрлік жоғары білім мен ғылымды дамытуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру үшін саланың жетекші технологиялық мамандарын тарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Бүгінде ведомство «Coursera» платформасының мүмкіндіктері мен технологиялары негізінде қазақстандық жоғары оқу орындарының академиялық әлеуетін нығайтуды қолға алған. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те өз баяндамаларының бірінде айтқан еді.

«Барлық студенттерге білім алу үшін қажетті әлемдік цифрлық ресурстарға қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Соның ішінде Coursera, «EdX» және т. б. Жоғары оқу орындарының оқу-әдістемелік бірлестіктері оларды білім беру бағдарламаларына енгізу үшін өзекті курстарды іріктеу бойынша талдау жүргізді.  Бұл курстарға академиялық кредиттер көзделеді. Өткізілген жұмыс қорытындысы бойынша білім беру бағдарламаларына енгізу үшін өзекті курстар іріктелді. 654 Coursera курсы мен 650 білім беру бағдарламаларының тізімі жасалды және ол 1500 пәнге қолданылуы мүмкін. Сондай-ақ, «әлемдік цифрлық кітапханаларға» жазылу және «Coursera», «EdX» курстарын қазақ тіліне аудару жоспарлануда», - деді Саясат Нұрбек Үкімет отырысында.

«Coursera» онлайн білім беру платформасы әлемнің түкпір-түкпіріндегі 110 млн астам оқушыны қамтиды. Аталған жобаны әлемнің ең мықты университеттері Stanford, Columbia, Duke, Yale және т. б. Қолданады. Онлайн платформаның  170-тен астам серіктесі, сондай-ақ қазіргі заманғы бизнес және технологиялық инновациялар (Meta, Google, IBM және т. б.) көшбасшылары қатарынан 6 мыңнан астам серіктесі бар.

Әдетте мұндай компаниялардың беретін кәсіби сертификаттары жұмысқа орналасуға бағытталған кәсіби оқыту бағдарламаларын қамтиды. Сондай-ақ, оқытылатын тақырыптар бойынша алдын ала жұмыс тәжірибесі талап етілмейді. Жалпы, платформада 9 мыңнан астам курстан тұратын әлемдегі ең ірі білім беру бағдарламалары кітапханасы ұсынылған. Қазіргі уақытта Министрлік осы мәселені пысықтауда.

Әлемдік компаниялар арасында министрлік бірнеше көшбасшылармен меморандумға қол қойды. Microsoft компаниясымен жаслаған келісімшарт бойынша ғылым ұйымдары мен жоғары оқу орындарына арналған Microsoft Imagine Academy бағдарламасы жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, ЖОО оқытушыларының цифрлық дағдыларын арттыру; ғылыми зерттеу құралдарын ұсыну; цифрлық университет моделі бойынша өзара іс-қимыл; student life track journey құралдарын енгізу, сондай-ақ оқытушылар мен студенттерге арналған білім беру мазмұнын жетілдіру көзделген.

Сонымен қатар, министрлік биыл TikTok компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді. Әңгімелесу аясында ғылымды танымал етуге, жоғары білім беруде технологиялық өнімді қолдану мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бірлескен іс-қимылдарды жүзеге асыру жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді. Компаниямен өкілдерімен бірге бірге ғылыми жобаларды ілгерілету үшін контент стратегияларын оқыту; жоғары оқу орындарымен бірлескен медиа зертханалар құру; ЖОО бағдарламаларын ілгерілету жөніндегі бастамаларды іске асыру; ғылыми бастамалар жөніндегі аудиторияның күшін арттыру көзделген.

Осы іспеттес келіссөздер әлемге әйгілі Huawei компаниясының өкілдерімен де жасалды. Оның қорытындысы бойынша Digital Bridge форумында ғылым және жоғары білім министрі ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Келісім аясында ЖОО базасында акт академияларын ашу; оқытушылар мен студенттерге арналған оқыту платформасын құру; студенттерді онлайн тестілеу және сертификаттау үшін квоталар беру; ЖОО студенттері үшін жарыстар өткізу; ЖОО студенттерін сертификаттау бағдарламаларының қорытындысы бойынша жұмысқа орналастыруды ұсыну қарастырылған.

Айжан Жанатқызы

Серіктес жаңалықтары