«AMANAT» партиясы бақылау комитетінің кезекті жиыны өтті
«AMANAT» партиясы бақылау комитетінің кезекті кеңесінде пайдаланылмай жатқан жер ресурстарының мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мәжіліс депутаты Артур Платонов еліміз жайылымдық жер бойынша әлемде 5-орында тұрғанын айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың 2 қыркүйегіндегі Жолдауында тиімді игерілмей жатқан жер ресурстарының мәселесі өзекті болып бара жатқанын айтты. Ол агроөнеркәсіптік кешен үшін де, ауылда тұратын әрбір азамат үшін де маңызды. Ауыл тұрғындары мал жаятын өріс таба алмайды. Бұл мәселе осыған дейін де көтерілген еді. Біреуі кіргізбейді, тағы біреуі қоршап алады. Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде 9-орынға ие. Жайылымдық жер бойынша 5-орында тұр. Алайда біз мал жаятын өрістердің тапшылығына душар боламыз. 12 желтоқсанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында да Мемлекет басшысы ауылдық тұрғындардың негізгі күнкөрісін ұмытпау керегін айтқан еді», - деді ол.
Депутаттың айтуынша, ауылдық жерлерде 9 млн гектар жайылымдық жер тапшылығы бар.
«Еуропадағы осындай жер қалай игеріліп жатқанын көруге болады. Бізде мұндай жерлер игерілмей жатыр. Алайда, бізде азық-түлік тапшылығы бар, бізден ресурсы аз көршілерімізден миллиард долларға азық сатып алып отырмыз. Ал баға үздіксіз қымбаттап жатыр. Оған себеп ретінде геосаяси себептер келтіріледі. Шын мәнінде, біздің тындырмаған істеріміз көп. Қорытындысы игерілмеген жер ресурстары мен жайылымдық жер тиімділігінің бейнесі ауыл тұрғындарының жақсы өмір сүруінен ғана байқалады. Қазір кез келген ауыл тұрғынында кішігірім шаруа қожалығы бар. Ол сонымен өз отбасын асырап отыр. Сондықтан жердің игерілу мәселесі тек экономикалық қана емес, әлеуметтік-саяси маңызға ие», - деді Артур Платонов.
2 желтоқсанда «AMANAT» партиясының төарағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару бойынша «Жер аманатының» кезекті отырысы өтті.
Комиссияда жер қатынастары саласындағы маңызды мәселелер талқыланды. Оның жұмысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берілген болатын.
Ауыл шаруашылығы вице -министрі Әбілқайыр Тамабектің айтуынша, еліміздің жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі министрліктің тұрақты бақылауында тұр.
«Қазіргі таңда министрлік Мемлекет басшысының 2023 жылдың соңына дейін 5 млн гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару тапсырмасын орындауға кірісті. Жалпы жоспар 10 млн болған, 2022 жылы 5 млн гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Министрлік пайдаланылмаған жерлерді қайтару бойынша өңірлерге, аудандар бөлінісіне жобаның жоспарын жеткізді. Алайда бірқатар өңірдің жергілікті атқарушы органдары арасында осы тапсырманы орындауға деген құлшынысы төмен немесе жоқ деп айтсақ та болады. Мәселен, министрлік жіберген жауап бойынша Павлодар облысы объективті себепсіз жерді қайтару жоспарын бекітуден бас тартып отыр. Бұл ретте 380 мың гектарды қайтару жөніндегі көрсеткіш облыс бойынша пайдаланылмайтын және орынсыз пайдаланып жатқан 628 мың гектар жерді есепке ала отырып бекітілген еді. Ақмола, ШҚО облыстарында министрлік жоспарымен келіспей, пайдаланылмайтын қайтару жоспарындағы алаңдарды екі есеге жуық азайтып отыр», - дейді Тамабек.
Ал Бас прокуратураның мәліметінше, игерілмей жатқан жер ресурстарын мемлекетке қайтарудың бәсеңдеуіне себеп - жер конкурстарының қағаз жүзінде өткізілуі болып отыр. Бұл жер ресурстарын әділ бөлуге кедергі келтіреді. Биыл 3 млн заңсыз берілген жайылым анықталған. Мысалы, Жамбыл облысында мемлекетке 60 мың жайылымдық жер, Павлодар облысында 73 мың гектар жер берілген.
Кеңес отырысына ел өңірлерінен партия өкілдері мен жер ресурстары, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері қатысты.