Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр
Денсаулық сақтау министрлігіге қарасты оңалту орталықтары жемқорлыққа барған. Балаларды оңалту еміне квоталарын бөлудің өзі пара арқылы шешіліп отырған. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюдың жолы ретінде Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныс енгізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚПК 200-бабына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігіне балаларды оңалту еміне квоталарын бөлу мәселелері бойынша заңды бұзуға ықпал еткен мән-жайларды жою туралы ұсыныс енгізді.
Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саиннің өтініші негізінде «University Medical Center» корпоративтік қорының заңсыз әрекеттерін әшкерелеген еді. Балаларды оңалту ұлттық орталығы қызметкерлері заңсыз ақшалай сыйақы алып келген. Осы фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Орталықта қызметкерлер мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарынан балаларды оңалту еміне квота бергені үшін 60 мыңнан 100 мың теңгеге дейін ақшалай сыйақы алып отырған.
«Тергеу нәтижелері бойынша бірнеше жыл бойы қолданылып келген алаяқтық схема тоқтатылды, ата-аналарға келтірілген залал толығымен өтелді. Сонымен қатар тергеу барысында балаларды оңалту емін көрсету мәселелері бойынша бірқатар проблемалар мен кемшіліктер анықталды. Мысалы өңірлерде квоталардың біркелкі бөлінбеуі, ата-аналардың сенімсіздігі және түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі, ашық және жалпыға қолжетімді кезектіліктің болмауы, сондай-ақ елде осындай республикалық орталықтардың жетіспеушілігі болды», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттіктің баспасөз қызметі.
Келеңсіздікті қайталатпау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігінің алаңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Аружан Саиннің, вице-министр Вячеслав Дудниктің, аумақтық денсаулық сақтау басқармаларының, «University Medical Center» корпоративтік қорының, сондай-ақ БОҰО басшыларының қатысуымен жиын өтті. Талқылау нәтижелері бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында өңірлерде республикалық орталықтарға квоталар бөлу жөніндегі комиссиялар құрылмақ. Бұдан басқа, жақын арада оңалту еміне мұқтаж адамдардың жалпыға қолжетімді электрондық кезегі іске қосылады.
«Бұл шаралар қалпына келтіру емін қажет ететіндердің барлығын есепке алуға және оңалту көмегін көрсету қызметтерінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, қазіргі уақытта БОҰО жеке сектордан ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық бағыныстылығына қайтару бойынша жұмыс аяқталуға жақын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет азаматтарды күмәнді тұлғалардың ұсыныстарын пайдаланбауға және балаларды емдеу мен оңалтуға жеңілдіктер алуды тек заңды негіздерде жүзеге асыруға шақырады. Осындай фактілер бойынша ақпарат болған жағдайда Агенттіктің Call-орталығына 1424 нөмірі бойынша хабарласу керек», - делінген хабарламада.