Кеше, 25 желтоқсанда әлемдегі христиан дінінің өкілдері Рождество мерекесін қарсы алды
Рим Папасы Франциск Рождество мерекесінің қарсаңында Украинадағы соғысты тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy әлемдік БАҚ-қа сілтеме жасай отырып.
Рождество мерекесінің қарсаңында Рим Папасы әлемнің түпкір-түпкірінде экономикалық және қарулы қақтығыстардың салдарынан жапа шегіп отырған адамдарға алаңдаушылық танытты. Соның ішінде, ол Африка, Сирия, Гаити, Иран сияқты елделді еске алды. Сонымен қатар Украинадағы соғысты да сөз етіп, ондағы халықтың ауыр қазасына тоқталды.
«Біздің украиндық бауырларымыз 10 айға созылып келе жатқан соғыстың салдарынан Рождество мерекесін үйінен жырақта, қараңғылық пен суықта қарсы алуға мәжбүр», - деген Рим Папасы бұл елдегі соғысты тоқтатуға шақырды.
«Құдайымыз осы азапқа шыдап отырғандардың бәріне көмек қолын созып, осы соғысты тоқтатуға билігі барларға ақыл-ой беріп, бұл мән-мағынасыз соғысты тезірек аяқтатсын», - дейді тілегін айтқан ол.