Елімізде жыл басынан бері көлік ұрлаумен айналысқан 36 қылмыстық топ ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Соның арасында 732 адам бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған

Фото ашық дереккөзден

Елімізде жыл басынан бері көлік ұрлаумен айналысқан 36 қылмыстық топ ұсталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Мәжіліс депутататтарының сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Вице-министрдің дерегінше, автокөлік ұрлау деректерінің 70 пайызында бұрын осындай құқыққа қайшы әрекеттер жасаған және техникалық құралдарды пайдалана отырып, автомобильдердің есігін аша алатын адамдардың қатысы бар екені анықталып отыр.

«Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігінің тіркеуінде көлік ұрлау санаты бойынша 3086 адам тұр. Биыл қабылданған шаралардың нәтижесінде, ұрлық жасаған және біреудің көлігін мініп кеткені үшін 1046 адам, оның ішінде 68 қылмыс эпизодын жасаған 36 қылмыстық топ ұсталды. Соның арасында 732 адам бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған», - деді Марат Қожаев.

Биыл бейнекамера арқылы 8892 қылмыстың беті ашылды, оның ішінде 226-сы көлік ұрлау қылмысына қатысты.

«Кейінгі 5 жылдағы автокөлік ұрлау мен біреудің көлігін мініп кету әрекетіне қатысты қылмыстарыға жүргізілген талдауға тоқталсақ, осы қылмыстардың 51,8 пайызға азайғанын байқауға болады», - деді министрдің бірінші орынбасары.