Біз ұлт болып осы қасіретті оқиғадан сабақ алуымыз керек – Мемлекет басшысы

Автор: Azattyq Rýhy

Тоқаев Алматыда «Тағзым» мемориалының ашылу рәсіміне қатысты

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда «Тағзым» мемориалының ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы мыңдаған отандасымыздың – волонтерлердің, дәрігерлер мен полицейлердің және қарапайым адамдардың қаңтар оқиғасы кезінде шынайы батылдық пен жоғары азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсеткеніне арнайы тоқталды.

«Олардың көбі бүгінгі салтанатты шараға қатысып отыр. Біз қасіретті қаңтар құрбандары мен нағыз қаһармандарды мәңгі есте сақтаймыз. Бір сөзбен айтқанда, біз ұлт болып осы қасіретті оқиғадан сабақ алуымыз керек. Құқық қорғау органдары және арнаулы құрылымдар ауқымды жұмыс атқарды. Тергеу барысы депутаттардың, Бас прокуратура өкілдерінің және заңгерлер қауымының қатысуымен Парламентте талқыланды. Сол күндердің мән-жайын жан-жақты қарастырып, қамауға алынғандарға заң тұрғысынан көмек көрсету үшін құрамына еліміздің беделді құқық қорғаушылары енген қоғамдық комиссиялар елеулі үлес қосты. Мұның бәрі болған оқиғаға шынайы қарауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде жалған ұрандарға сеніп, қылмыскерлердің ықпалына түскен, алайда, ауыр қылмыс жасамаған азаматтарға менің Жарлығыммен рақымшылық жасалды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сонымен қатар қарақшыларды, радикалдар мен лаңкестерді батыр етіп көрсетудің қажеті жоқ екенін, нағыз батырлар – жұмысшылар, фермерлер, дәрігерлер мен медбикелер, мұғалімдер мен оқытушылар, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері, кәсіпкерлер мен спортшылар деп атап өтті.