Аталған салықты тағайындаудың бірнеше нұсқасы қарастырылып жатыр
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанда сән-салтанат салығының енгізілу мерзіміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Министрдің айтуынша, жылжымайтын мүлікке салынатын салықты қайта қарау мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
«Біз бұл норманы әлі белсенді түрде талқылау үстіндеміз, жұмыс тобы жаңа Салық кодексін талқылаудың белсенді кезеңіне енді ғана өтіп жатыр Біз осы мәселені 2023 жылдың бірінші тоқсанында барынша қызу талқылауға салсақ деп отырмыз», - деді Әлібек Қуантыров.
Ол сән-салтанатқа салынатын салықтарды тағайындаудың бірнеше нұсқасы қарастырылып жатқанын атап өтті.
«Бірінші нұсқасында жылжымайтын мүлік санын қарастырылады, яғни белгілі бір саннан асып кету жағдайлары назарға алынады. Егер жеке тұлғаның жылжымайтын мүлкі көп болса, онда қосымша мүлік салығын салуға болады. Немесе құнына қарай салық салынады. Әрине, ол негізінен, салық төлеуге қабілетті ауқатты адамдарға қатысты. Оларға онша ауыр тимейді. Сән-салтанат салығы, негізінен, қымбат көліктерге, басқа да қымбат мүлікке, антиквариатқа, жылжымайтын мүлікке және т.б. қатысты болады». – деді ведомство басшысы.
Министр жаңа Салық кодексі бойынша жұмысты аяқтау 2023 жылы, ал оны енгізу 2024 жылға жоспарланып отырғанын айтты.