Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 4 миллион теңгеден асады
Ертіс орманы резерватында 330 текше метр ағаш заңсыз кесілген. Анықталған фактілер бойынша 13 қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Павлодар облысының прокуратурасы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» РММ қызметінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, орман заңнамасының сақталуы және орман қорын қорғау, пайдалану саласында қабылданып жатқан шаралар мәселесі бойынша тексеру жүргізді.
Тексеру көрсеткендей, Ертіс орманы 9 жыл бойы орман шаруашылығын ұйымдастыру мен жүргізудің ескірген кешенді жоспарын пайдаланған, бұл орман қорын мемлекеттік басқарудың тиісінше жүргізілмеуіне әкеп соқтырды.
«Ертіс орманы аумағын іріктеп аралау барысында прокурорлар 331 м3 көлемінде заңсыз ағаш кесу фактілерін анықтады, оның шығыны 4 миллион 600 мың теңгені құрады», - делінген хабарламада.
Павлодар облыстық прокуратурасының мәліметінше бұған қатысты 13 қылмыстық іс қозғалған.