Алматыдағы мектептерге келесі жылдан бастап бөгде адамдар кіре алмайды

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 5,3 миллиард теңге бөлініпті

Алматының мектептеріне бөтен адамдардың кіріп-шығуына тосқауыл қойылады. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оқу орындарының кіреберісіне адамның бет-жүзін танитын аппараттар қойылып, бейнебақылау камералары тікелей полицияның жедел басқару орталықтарымен байланыстырылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Алматы қалалық Білім басқармасының ақпаратынша, жаңа жоба келер жылдан бастап қолға алынады. Соңғы кездері қалада көлік саны тым артып кеткендіктен, балалардың өміріне қатысты ата-аналардың шағымы да көбейген. Осы мәселені шешу мақсатында тек қана оқушыларды таситын автобустар жолға шығатын болды. «Мектеп автобусы» жобасы аясында қаладағы сегіз мыңға жуық оқушыны сабаққа апарып-әкелетін көліктер алынып жатыр.

«Алматыда оқушыларды тасымалдаудың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында 2023 жылдан бастап қаланың 8 ауданындағы 29 мектепте 7,7 мың балаға арналған «Мектеп автобусы» жобасы басталады. Сонымен қатар балалардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігі маңызды басымдық болып саналады. Ата-аналар балаларының қауіпсіз мектепте екеніне сенімді болуы керек», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Заманауи инфрақұрылымды жақсарту арқылы 2025 жылға дейін барлық мемлекеттік мектеп физика, химия, биология, информатика және робототехниканың жаңа буынының пәндік кабинеттерімен қамтамасыз етіледі. Тек 2023 жылдың өзінде жаңа модификациядағы 168 шкаф қойылады. Оған жергілікті қордан 2,1 млрд теңге бөлінген.

«Келер жылдан бастап мектептерде кешенді қауіпсіздік жүйесі енгізіліп, «паника түймелері», өту жүйесі (турникеттер), өрт қауіпсіздігі жүйесі, полицияның жедел басқару орталықтарымен біріктірілген бейнебақылау камералары орнатылады. Біз бұл жобаны үш жылдық сервистік үлгі бойынша қаржыландыруды жоспарлап отырмыз, жалпы қаржыландыру көлемі – 4,9 млрд теңге. 2023 жылға арналған бюджет жобасында осы мақсаттарға 1,6 млрд тенге бөлінді», - деді ол.

Биыл қала әкімдігі республикаға үлгі ретінде үлкен істі бастаған. Бастауыш сыныптарда оқитын барлық оқушылар әлеуметтік жағдайына қарамастан түгелдей тегін тамақтандырылып келеді. Ал өзге облыстарда тек жағдайы нашар отбасылардан шыққан оқушылар ғана ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Алматыдағы оқушы санының  45%-ға жуығы, яғни 133 мың бала күн сайын тегін тамақ беріледі. Оқушыларды жылдың соңына дейін ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 5,3 миллиард теңге бөлініпті.

«Келесі жылы бір оқушыға бөлінген тамақтың құнын 560 теңгеден 800 теңгеге дейін көтердік, 2023 жылдың бюджетінде бұл үшін 18 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылды. Оқушыларды ұтымды теңгерімді тегін тамақпен қамтамасыз ету үшін маусымдық және жас ерекшеліктерін ескере отырып, қаланың барлық мектептері үшін орталықтандырылған 4 апталық ас мәзірі бекітілген», - деді қала әкімінің орынбасары.

Білім басқармасының мәліметінше, жыл сайын алматылық мектеп оқушыларының саны орташа есеппен 12-14 мыңға дейін көбейіп отыр. Қалада барлығы 320 453 оқушы оқитын 310 мектеп бар. Олардың 98-і – жекеменшік мектеп. Биыл оқушы орнының тапшылығын азайту үшін 8100 оқушыны қамтитын 5 мемлекеттік мектеп, 2393 орынға арналған 6 жекеменшік мектеп ашылды. Соған қарамастан, оқушылар әлі де мектепке сыймай келеді. Қалада 28 мың балаға мектеп жетіспейді.

«13 493 оқушы орнына арналған 16 нысан енгізілді. Сонымен қатар, желтоқсан айының соңында «Дархан» шағын ауданында 1500 орындық №210 және «Алма сити» шағын ауданындағы 1200 орындық №207 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Орын тапшылығы мәселесін шешу үшін Мемлекет басшысы «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасын жүзеге асыру және 2030 жылға қарай бір ауысымдық оқытуға көшу жөнінде тапсырмалар берді. Ұлттық жоба аясында 2023 жылдан бастап республикалық бюджет есебінен 37 100 орынды қамтитын 22 мектептің құрылысын бастау жоспарланған. Бұл ретте жергілікті бюджет есебінен жалпы сомасы 11 млрд теңгеге жер телімдерін сатып алу және оларды инфрақұрылымға қосу мәселелері шешіледі. Сонымен қатар әкімдік «1000 мектеп» жобасын жүзеге асыруды жалғастырады, оның аясында 2023-2025 жылдар аралығында 27 150 орынға арналған 36 білім беру нысаны (3 мемлекеттік мектеп, 7 қосымша құрылыс, 19 жекеменшік мектеп) пайдалануға беріледі. Осылайша, 2026 жылға қарай оқушы орындарының тапшылығы табиғи деңгейге дейін қысқарады», - деді Алматы қалалық Білім басқармасының баспасөз қызметі.