Оған терроризм актісіне дайындауда кінәлі деген айып тағылды
Астана қалалық сотында лаңкестік шабуылды дайындағаны үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылған адамның ісі жөнінде мәлімет берілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Белгілі болғандай, ол ішкі істер органдарының бұрынғы қызметкері. Сотта ер адамның Қазақстанда қызметіне тыйым салынған уағызшылардың діни дәрістерін оқып, тыңдағаны туралы хабарланды.
«Ш. ішкі істер органдары қызметкерінің қабылдаған антын бұза отырып, билікті күштеп басып алуға және елдің конституциялық құрылысын өзгертуге бағытталған қылмыстық ниет білдіріп, пікірлес адамдарды іздей бастады. 2022 жылғы 17 мамырда Астанада өткен заңсыз митингіге қатысуға, содан кейін шет мемлекет елшілігінің ғимаратында және мемлекеттік органның ғимаратында террористік акт жасауға, жаппай тәртіпсіздіктер туғызуға, елдегі билікті күштеп басып алуға және шариғат заңдарын орнатуға куәгерлерді шақыра отырып, өзінің радикалды террористік идеяларын насихаттады», - делінген елордалық соттың баспасөз қызметінде.
Нәтижесінде сот оны билікті күштеп басып алуды, Конституцияны бұза отырып билікті күштеп ұстауды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді және конституциялық құрылысты күштеп өзгертуді, терроризмді насихаттауда, адамдарды террористік қызметті ұйымдастыруға тарту мен дайындауда, сондай-ақ терроризм актісіне дайындауда кінәлі деп тапты.
Прокурор оған 19 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталған адам өз кінәсін мойындамады, бірақ радикалды идеяларға деген адалдығын жоққа шығармады және оны ақтауды сұрады. Бұл ретте сот жеңілдететін мән-жайларды анықтаған жоқ. Ауырлататын жағдай сотталушының қабылдаған антын бұзуы болды.
«Сот қылмыстардың ауырлығын ескере отырып, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша Ш.-ны 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталған адам мен оның адвокаты сот үкіміне шағымданды. 2022 жылғы 13 желтоқсанда апелляциялық саты Ш.-ға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды», - деп атап өтті сотта.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы 28 қазанда елорданың Сарыарқа ауданының №2 соты ер адамға қатысты айыптау үкімін шығарды. Бұған дейін ҰҚК бұл сот процесс туралы хабарлаған болатын.