Депутаттар Қазақстанда жаңа мерекені атап өтуді ұсынды

Автор: Azattyq Rýhy

Биыл Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 105 жыл толды

Фото: ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов жыл сайын 12 желтоқсанда мемлекеттік деңгейде Алаш күнін атап өтуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Премьер-министрдің атына жолданған депутаттық сауалында Берік Дүйсенбинов 1917 жылы 5-12 желтоқсан Әлихан Бөкейхановтың Алаш республикасы үкіметінің төрағасы болып сайланғанын, ол «Сарыарқа» газетінде жарияланғанын еске алды.

«Бүгінгі таңда ХХ ғасырдың басында қазақ мемлекеттілігін құруға ұмтылған Алаш қайраткерлерінің рөлін ерекше атап өту қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткіштің ашылуында Алаш – қазақ халқы үшін қасиетті ұғым екенін айтты. Биыл Алаш Республикасының құрылғанына 105 жыл толып отыр. Естеріңізге салайын, 29 маусымда «Ақ жол» фракциясы бұл датаны мемлекеттік деңгейде атап өту керек деген талаппен депутаттық сауал жолдаған болатын. Бізге бұл мәселе құзырлы министрліктерге жіберілгенін айтты. Бірақ өкінішке қарай, бұл тарихи дата тағы да атаусыз қалды», - деді депутат Берік Дүйсенбинов.

Ол бұл күнді жыл сайын 12 желтоқсанда мемлекеттік деңгейде атап өту керек деген ұсыныс тастады.

Еске салайық, биылдан бастап Қазақстанда 1 желтоқсанда Тұңғыш Президент күні тойланбайтын болды. Ал Тәуелсіздік күніне орай болатын екі демалыс күні бір күнге, яғни тек 16 желтоқсанға қысқартылған болатын. Бұдан былай 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке ретінде тойланатын болды.

2022 жылдың желтоқсанында Алаш автономиясы мен оның үкіметі – Алаш Орданың құрылғанына 105 жыл толды.