Тексеру комиссиясы энергетикалық кәсіпорындардың қаржы жылыстатып, қаражатты мақсатсыз жұмсағанын анықтады
Қысқы жылыту маусымына дайындық бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін тексеру жөніндегі Комиссия өз жұмысын аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңірлерде жүргізілген көшпелі тексеру қорытындысы бойынша жылу энергиясын берудің шектелуіне, жылудың тұрақты берілмеуіне, резервтік энергия көздерінің және жөндеу материалдарының апаттық қоры болмауына, энергия құрал-жабдықтарының әбден тозуына, сондай-ақ өңірлерге көмірдің уақтылы жеткізілмеуіне қатысты деректер анықталды. Жергілікті атқарушы органдардың есептеріне қарамастан, бірқатар нысан жылыту маусымына дайын болмай шықты.
Осыған байланысты Үкіметке анықталған барлық факті бойынша шаралар қабылдау және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілігін қарастыру тапсырылды.
Сонымен қатар еліміздегі 37 жылу электр орталығының техникалық жағдайына кешенді талдау жүргізіліп, олардың қандай тәуекел топ санатына жататыны анықталды. 19 ЖЭО қауіптілігі жоғары «қызыл», 11 ЖЭО «сары» және 7 ЖЭО «жасыл» санатқа кірді.
Энергетикалық кешеннің тұрақты жұмыс істеуі үшін Үкімет пен әкімдіктерге мынадай шараларды қабылдау тапсырылды.
Шұғыл түрде:
- түйткілді жылу электр орталықтары мен жылу желілеріндегі жағдайды түзету үшін шұғыл шаралар жоспарын әзірлеу;
- «қуат нарығы» шеңберінде 2023 жылы ЖЭО-ларды жөндеу науқанын жүргізуге қажетті 90 миллиард теңгеге жуық қосымша инвестиция тартуды қамтамасыз ету;
- жылу энергетикалық компаниялардың өндірістік қызметкерлерінің еңбекақысын орташа нарықтық жалақы деңгейіне дейін арттыруды қамтамасыз ету;
- жылу желілеріне техникалық аудит жүргізу және электр желілері активтеріне, соның ішінде оларды жекешелендірудің заңдылығы мен коммуналдық меншікке берудің тиімділігін тексеру;
- халықтың әлеуметтік осал топтарына коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындарды субсидиялау түрінде атаулы көмек көрсетуді қамтамасыз ету;
- энергетикалық кәсіпорындардың қызметін бақылауды күшейту мақсатында Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық департаменттерінің штатын күшейту.
Жүйелі түрде:
- энергетикалық нысандар қызметінің тәуекелдерін басқару ісін бағалауды жетілдіріп, объектіге шығатын нақты бақылау институтын енгізу арқылы қолданыстағы энергетикалық бақылау жүйесін күшейту;
- Энергетика министрлігіне жылумен қамту саласында магистральді және таратушы жылу желілерін қадағалау функциясын беру;
- жылумен және электрмен қамтамасыз ету нысандарының жай-күйін шынайы бағалау үшін тәуелсіз техникалық аудит институтын енгізу;
- қолданыстағы заңнама талаптарын бұзғаны және қаржыны мақсатқа сай пайдаланбағаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде әкімшілік айыппұлдарды өсіру арқылы энергетикалық кешен субъектілері мен олардың бірінші басшыларының жауапкершілігін күшейту;
- жылумен және энергиямен қамтамасыз ету субъектілеріне арналған өзара міндеттемелердің регламенттелуін заңнама деңгейінде қамтамасыз ету;
- тариф қаржысын мақсатқа сай пайдаланбаудың және капиталды сыртқа шығарудың алдын алу үшін энергетикалық кәсіпорындар мен табиғи монополия субъектілерінің сатып алуларына мемлекеттік бақылау орнатып, процедуралардың ашықтығын қамтамасыз ету.
Комиссия бірқатар энергетикалық кәсіпорынға қатысты қаржыны жылыстату, сондай-ақ қаражатты мақсатқа сай және тиімді пайдаланбау деректері бойынша жинақталған материалдарды фискалдық және құқық қорғау органдарына тергеу жүргізіп, процессуалдық шешім қабылдау үшін жолдады.