Қазір осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Түркістан облысында полицейлер жергілікті тұрғыннан 2 дана шолақ мылтық пен винчестер тәркіледі. Бұл туралы Azattyq Ruhy Түркістан облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Кентау қаласының полиция қызметкерлері түнгі уақытта қала көшелерінің бірінен күдік тудырған «Мерседес» маркалы автокөлікті тоқтатқан. Тексеру кезінде тәртіп сақшылары автокөліктің салонынан 3 атыс қаруын тапты. Заттай дәлел ретінде алынған екі шолақ мылтық пен бір дана винчестер қаруы сараптамаға жолданды.
«Аталған жайт ҚР ҚК-нің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша тіркелді. Күдікті полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде және оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», - деді ведомствоның баспасөз қызметі.