Іс-шара Astana Muz Fest ауқымды қысқы фестивалі аясында өткізілді
Елордада EXPO көрме кешенінің алаңында еліміздің басты шыршасын жағу рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Шыршаның биіктігі — 25 метр. Ол жүздеген шамшырақпен безендірілген. Мерекенің басты атрибутын безендіруде 750 метр гирлянд, 360 бірлік жарықшам және 900-ден астам шырша шары қолданылды.
Шыршаны жағу рәсімі басталар алдында елорда тұрғындары мен қонақтарына «Ғажайыптар түні» ертегі мұз шоуы көрсетілді. Еліміздің басты шыршасын бүлдіршіндер, елорда әкімі Жеңіс Қасымбек, Аяз Ата мен Ақшақар бірлесе жағып, сахнада қазақстандық әртістер және т.б. өнер көрсетті.
«Құрметті елордамыздың тұрғындары мен қонақтары, жаңа жыл қарсаңында сіздерге мерекелік көңіл-күй, қуаныш, отбасыларыңызға зор денсаулық тілеймін! Астанамыз дамып, өркендей берсін! Алдағы жыл қала үшін берекелі болсын! Бүгін жаңа жыл мерекесін бастағалы отырмыз. Мұндай іс-шаралар әлі де көп болады. Қаламыздың барлық ауданында мұз айдындары мен сырғанақтар орнатылып жатыр, онда әрбір адам бос уақытын көңілді өткізе алады», — деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек.
Іс-шара Astana Muz Fest ауқымды қысқы фестивалі аясында өткізілді. Бүгін мұз айдындары, слайдтар, жаңа жылдық жәрмеңке және т.б. бар қысқы қала өз жұмысын бастады.