Ата-аналардың айтуынша, жол апаты болған көшеге жарық тартылмаған
Астанада оқушыны көлiк қағып кеткен соң тұрғындар жолды жауып тастады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
19 желтоқсанда сағат 17:50 шамасында «Toyota Highlander» автокөлігінің жүргізушісі Бұқар жырау көшесімен келе жатып, жолдың жүру бөлігін бағдаршамның тыйым салынған сигналына өтіп бара жатқан кәмелетке толмаған баланы қағып кетті.
Жол апаты салдарынан 8 жасар бала қалалық ауруханаға жеткізілді және дәрігерлер тексергеннен кейін үйіне жіберілді. Аталған факті бойынша анықтау жүргізілуде.
«Оқиғадан кейін жақын маңдағы үйлердің тұрғындары жолды жарықтандырудың болмауына байланысты жолды жауып тастады. Жиналғандармен әңгіме жүргізілді. Аталған учаскені жақсарту бойынша жол жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туралы ақпарат жергілікті атқарушы органға жіберілді», -делінген хабарламада.