Конституциялық сот дербес жұмыс істейді
Әділет вице-министрі Алма Мұқанова Конституциялық сот Ата заң үстемдігін қамтамасыз ететінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
“Конституциялық сот Тәуелсіздік алғаннан кейін жұмыс істеді. Оған қайтып келу біздің Конституциямыздың құқық қорғау әлеуетін арттыруға деген ұмтылысты білдіреді. Азаматтар кез келген шешімге арыздана алып, өздерінің қорғалатынына сенуі керек. Конституция-мемлекеттіліктің заңды іргетасы. Ол азаматтардың экономикалық,әлеуметтік, саяси жағдайының қамтамасыз етілуіне кепілдік болады. Конституция талаптарын орындау-әрқайсымыздың міндетіміз,әсіресе, мемлекеттік органдардың”,- деді Алма Мұқанова.
Вице-министр Конституциялық сот биліктің ешбір тармағына жатпайтын, дербес инстанция екенін айтады.
“Конституциялық сот барлық заң мен кез келген нормативтік актінің Конституцияға қайшы келмеуін бақылайды. Конституциялық сот ел бойынша Конституция үстемдігін қамтамасыз етеді”,-деді ол.
Айта кетейік, Астанада “Қазақстанда Конституциялық соттың енгізілуі -әділетті және құқықтық мемлекет құрудағы маңызды қадам” халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтіп жатыр.