Астанада бірнеше жылдан бері үйлерін күткен 300-ден астам отбасы баспаналы болды

Автор: Azattyq Rýhy

Құрылысы ұзаққа созылған 150 көпқабатты тұрғын үй кешенінің 120-сы пайдалануға берілді

фото: www.gov.kz

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында «Royal Expo» тұрғын үй кешенінің тұрғындары баспаналы болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Достар! Өздеріңіз білетіндей, алдымызда қаладағы құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау міндеті тұр. Осыған дейін әкімдік 150 көпқабатты тұрғын үй кешенінің 120-сының құрылысын аяқтаған болатын. Осылайша мыңдаған отбасы көптен күткен пәтеріне қоныстанды», - деді Астана әкімі.

Бүгін, яғни 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні 300-ден астам үлескер отбасы пәтерінің кілтін алды. «Royal Expo» тұрғын үй кешенінің тұрғындары бірнеше жыл бұрын қоныстануы керек еді.

«Біз өз тарапымыздан өзге де үлескерлердің тезірек баспаналы болу мәселесін шешуді жалғастырамыз. Ал қалған 15 нысан бойынша (30-дан астам тұрғын үй кешені) сапасына ерекше назар аударуды әрі құрылыс қарқынын жеделдетуді тапсырдым. Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың аяқталуы Мемлекет басшысының бақылауында», — деп жазды Жеңіс Қасымбек.