Ал әлеуметтік желілерде тұрғындар жылудың жоқтығын айтып шағымдануда
Петропавл жылу орталығында тағы да апат тіркелді. Бұл жолы турбина цехтарының бірінде құбыр жарылған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Қала тұрғындарының айтуынша түнде жылу батареяларында түсініксіз дыбыс пайда болған. Одан кейін кейбір үйлер салқындай бастаған. Облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы Павел Шилов коммуналдық кәсіпорында аптат болғанын растады.
«Турбина цехтарының бірінде құбыр жарылған. Қазір бәрі қалыпқа келтірілуде. Алаңдауға негіз жоқ. Апат болғаны рас. Айтарлықтай ауқымды емес. Жылу электр орталығы қосымша ақпарат дайындап жатыр. Жылу беру тоқтатылған жоқ», - деді ол.
Ал әлеуметтік желілерде тұрғындар жылудың жоқтығын айтып шағымдануда. Дегенмен кей аудандарда жылу бар.
«Мен «Копай» ауданында тұрамын. Жылу орталығынан алыс емес. Түнде жылу батареяларындағы қорқынышты дыбыстан оянып кеттім. Жарылып кетердей болып тұрды. Тіпті қалай түсіндірерімді білмеймін. 10 минут бойы жалғасты. Дегенмен барлық бөлмелерде батареялар ыстық күйінде тұрды», - дейді қала тұрғыны Дарья Лабутина.
Бұл Петропавл жылу орталығында болған алғашқы апат емес. Естеріңізге сала кетсек, 20 наурыз күні Петропавл қаласындағы жылу электр орталығының 3 мұржасының бірі құлаған болатын. Биіктігі 150 метр қондырғының 60 метрі опырылып түскен. Үйіндінің астында қалып қойған жұмысшының денесі екі күннен кейін ғана табылды.
Жылу электр орталығындағы қондырғылардың жартысынан көбінің тозығы жеткен. 1960 жылы іске қосылған кәсіпорында кешенді жөндеу жасалған емес. Құбырлар да сол сәттен бері қызмет етіп келеді.
Жалпы Қазақстанда жылу электр орталықтары құрал-жабдықтарының 70 пайызға жуығы тозған. Кәсіпорындардың басым бөлігі жекенің қолында.