Бұл туралы қалалық мәслихаттың баспасөз қызметі хабарлады
Астанада қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикуллиннің есімі берілетін көше таңдалып алынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy қалалық мәслихаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астана қаласы ономастика комиссиясының және ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастикалық комиссиясының қорытындыларының негізінде Астана қаласының әкімдігі арнайы қаулы қабылдады.
«Астана қаласының «Есіл» ауданы бойынша:
- жобалық атауы № 38 көшеге – Әл-Фараби даңғылы;
- жобалық атауы Е583 көшеге – Асқар Забикулин көшесі;
- Әлихан Бөкейхан көшесі, № 2 және № 6 үйлердің арасында орналасқан атаусыз алаңға – Біріккен Ұлттар Ұйымы алаңы атауы берілсін», - делінген қаулыда.
Жаңа қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Еске сала кетейік, осы жылдың 16 қарашасында Астанада Момышұлы даңғылындағы 15 қабатты үйде өрт шығып, бес адам құтқарылған болатын. Сол кезде өрт сөндірушілердің бірі Асқар Забикулин өмірін қатерге тіге отырып, тұрғындарды құтқарып қалғанымен, өзі қатты күйік алып, 20 қарашада ауруханада көз жұмды. Оның артында әйелі мен екі баласы қалды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өрт сөндірушілерді марапаттау туралы жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысының атынан Асқар Забикуллиннің туыстарына 1-дәрежелі «Айбын» ордені табыс етілді және отбасына үш бөлмелі пәтер беріледі. Енді елорда көшелерінің біріне оның есімі берілмек.