Осы жылдың 1 қаңтарынан бері 67 журналист қаза тапты
Адам құқықтары күніне арналған Халықаралық журналистер федерациясының (FIJ) декларациясында «2022 жылы өлтірілген журналистер саны ең жоғары деңгейге жетті» делінген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Осы жылдың 1 қаңтарынан бері 67 журналист қаза тапты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20-ға көп. Журналистер қайтыс болған елдердің қайғылы рейтингіндегі бірінші орында Украина тұр. Ресей шапқыншылығы басталғалы бері мұнда 12 адам қаза тапты. Одан кейін Мексикада 11 журналист өлтірілген және Гаитиде 6 тілші кісі қолынан қаза тапқан.
FIJ мәліметінше, саяси қуғын-сүргін құрбаны болған журналистер саны да көбейген. Қазіргі уақытта түрмеде 375 тілші отыр. Қытай мен оның Гонконгтағы одақтастары тұтқындағы 84 журналисімен тізімде бірінші орында тұр. Одан кейін Мьянма (64), Түркия (51), Иран (34), Беларусь (33), Мысыр (23), Ресей және басып алынған Қырым (29), Сауд Арабиясы (11), Йемен (10), Сирия (9) және Үндістанда 7 тілші қамауда отыр.
Халықаралық журналистер Федерациясы БҰҰ-ның келесі Бас Ассамблеясының дауыс беруіне Журналистерді қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы конвенция шығаруға ниетті.
«Демократияның негізгі тіректерінің бірі – журналистиканы қорғау үшін нақты шаралар қабылдаудың уақыты келді», - деп қорытындылады FIJ-дің бас хатшысы Антони Белланже.