Павлодарда жеке үйден өрт шығып, бір жасар сәби тірідей жанып кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Өрт кезінде үйде тағы 5 және 14 жастағы бала болған

Фото ашық дереккөзден

Павлодарда жеке үйден шыққан өрттен бір жасар сәби тірідей өртеніп кетті. Тағы 5 және 14 жастағы екі бала зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Өрт туралы хабарлама "101" пультіне 10 желтоқсанда сағат 17:57-де түскен. Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, екі қабатты кірпіштен қаланған жеке тұрғын үйдің бірінші қабатында екі кресло, биік орындық, кілем, сондай-ақ екінші қабатқа апаратын ағаш баспалдақ өртенген.

"Барлау кезінде залдан 2021 жылы туған баланың күйіп кеткен денесі табылды", - деді Павлодар қалалық ТЖД бастығының орынбасары Тілекжан Ғалямов.

Өрт кезінде үйде бір жасар баладан басқа 5 жасар бала мен 14 жастағы қыз бала болған.

Өрт 18:32-де оқшауланды, 18:47-де өрт жойылған. Өртті сөндіруге 5 бірлік техника мен 16 адам жұмылдырылған.