Электр энергиясы желілеріндегі жабдықтардың 81 пайызы тозған

Автор: Әсел Оршыбекова

Мамандар мәселе оң шешімін табу үшін тарифтердің бағасын өзгерту керек деп санайды

фото: www.uralskweek.kz

Осы айда Тәуелсіз Қазақстан тарихында электр қуатын максималды түрде тұтыну көрсеткіші тіркелді. Бұл туралы «KEGOC» АҚ Басқармасының төрағасы Қаныш Молдабаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры ұйымдастырған брифингте айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Еліміздің жылу желілерінде апаттық жағдайлар жиілеп, құрылғылар істен шығып жатқанымен, «электр жүйесі кез келген жүктемемен жұмыс істеуге дайын» деп сендірді «KEGOC» АҚ Басқармасының төрағасы.

«Осы жылдың 7 желтоқсанында сағат 10.39-да Қазақстанның энергожүйесінде ең көп жүктеме 16 459 мегаватт тіркелді, бұл тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы рекордтық көрсеткіш болып табылады. Мұндай жоғары жүктемелер кезінде ұлттық электр желісі штаттық режимде сенімді жұмыс істейді. Биылғы жылдың басынан бүгінгі күнге дейін Қазақстанның электр станцияларында апаттылықтың өсуі байқалады. Апаттылықтың үлкен өсуі блокты электр станциялары мен аймақтық электр станцияларында тіркелді», - деді Қаныш Молдабаев.

Десе де бұл бағытта тозығы жеткен тетіктер жетерлік. Салдарынан апатты жағдайлар өкінішке қарай, жиі қайталанады екен.

«Екібастұздағы ГРЭС-1 және ГРЭС-2-дегі барлық жабдықтар резервсіз жұмыс істейді. Яғни, барлық жабдықтар 100 пайыз жүктелген. Қазіргі уақытта біз жүктемелерді белгіленген 3,5 мың мегаватт қуатпен алып жүрміз. Республика бойынша жабдықтардың 81 пайыз ескірген. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанның электр станциялары мен генерациясы ел халқы мен экономикасын толыққанды қамтуға жеткіліксіз», - деді «Самұрық-Энерго» АҚ Басқармасының төрағасы Серік Түйтебаев.

Қазақстан электроэнергетика қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы Анатолий Шкаруптың айтуынша, мәселе оң шешімін табу үшін ең бірінші кезекте тарифтердің бағасын өзгерту керек.

«Нақты сандарды айта алмаймын. Әр өңір өз бағасын қояды. Барлығы жағдайға, қордаланған мәселелерге және қаржыландыру деңгейіне байланысты. Оның бәрін есептеу керек. Сол кезде ғана нақты сандарды айта аламыз. Қаржыландыру қажеттілігі өте үлкен. Саланы қаржыландыру үшін тарифтер инвестициялық тұрғыдан тиімді болуы қажет. Осылайша кез келген банк жобаның экономикалық тиімділігін қарастыра отырып, қаржыландыруды қамтамасыз ете алады. Тарифтер өзгеруі тиіс, бірақ әлеуметтік осал топ қорғалған болуы да тиіс», - деді Анатолий Шкаруп.