Алматыдағы 500-ден астам сауда павильноны заңсыз жұмыс істеп келген
Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев айтты

Алматыда 524 сауда павильоны заңдастырылмаған. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданының халқымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мәселені әкіммен кездесуге келген жергілікті тұрғын, қарапайым саудагер көтерді.
«Достық даңғылы мен Ньютон көшесінің бұрышында сауда павильоны болды. Бізге сот арқылы жұмыс істеуге тыйым салынды. Біз салық төлейміз, қаланы тауарлармен қамтамасыз етеміз. Бірақ, бізге осылай шектеу қойып отыр»,-деді қала тұрғыны.
Ал қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Бақытжан Наурызбеков бұл павильондардың заңсыз салынғанын айтты. Сондықтан, оларды сүру туралы шешім қабылданды деді. Ал Алматының әкімі Ерболат Досаев қалада заңсыз 500-ден астам павильон жұмыс істеп келген деді.
«Егер сіз заңдастырғыңыз келсе, тиісті құжаттарды тапсырыңыз. Біздің қалада бәрі заң бойынша жұмыс істеуі керек. Біз өз міндеттемелерімізді, ал сіз өзіңіздің міндетіңізді орындайсыз. Біз қалалық мәслихатқа стационарлық емес сауда объектілерін орнату және пайдалану жөніндегі жаңа ережелерді енгіздік. Біздің қалада осындай 524 нысан бар, олардың барлығы заңдастырылмаған. Оларға жұмыс істеуге мүмкіндік беретін бірде-бір қағаз жоқ. Мені бұл мәселе бей-жай қалдырмайды. Өйткені қала табысының 3/4 бөлігі шағын және орта бизнестен түседі. Барлығы заң бойынша ретке келтірілуі керек. Мен бұл мәселені жеке шешуге дайынмын, бірақ сізде құжаттар жоқ. Осы уақытқа дейін сіз заңсыз ақша таптыңыз. Заңдастыру үшін қажетті құжаттарыңызды дайындаңыз»,- деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.
Ал Медеу ауданы әкімінің сөзіне сенсек, сауда нүктелерін орнатқан кәсіпкерге ескертілген екен.
«Сіздің дүңгіршектеріңіз қызыл сызыққа орнатылған. Монтаждау жұмыстары басталған кезде біз осы ғимараттың иесін шақырдық, онымен бірнеше рет сөйлесіп, жалға алушылармен осындай жағдай туындауы мүмкін екенін түсіндірдік. Бүгінгі күні сот шешімі бойынша павильонның жұмыс істеуіне шектеу қойылған»,-деді Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин.