АҚШ Ресейдің Украинадағы әрекетін геноцид деп тану туралы қаулы қабылдады

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Аталған қаулы Ресейдің Украинадағы әрекеттерін айыптайды

Фото: ашық дереккөзден

АҚШ Конгресі Сенатының сыртқы істер комитеті «Ресей Федерациясының Украинадағы әрекеттерін геноцид деп тану» туралы қаулы қабылдады. Бұл туралы Комитеттің сайтында жарияланған мәлімдемеде айтылған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Америкалық сенаторлар Джим Риш, Айдахо штатының республикашылы және Бен Кардин, Мэриленд штатының демократы комитеттің Ресейдің Украинадағы әрекеттерін геноцид деп тану туралы қарар қабылдағанын құптады», - делінген хабарламада.

Бұл қаулы Ресейдің Украинадағы әрекеттерін айыптайды, АҚШ пен НАТО-ны және ЕО одақтастарын Украина үкіметін қолдауға шақырады. Сонымен қатар АҚШ президенті Джо Байденді Магнитскийдің Ресей Федерациясына қарсы жаһандық актісі негізінде санкцияларды қолдануға шақырады.

Ресей президенті Владимир Путин 24 ақпанда Донбасс республикалары басшыларының көмек сұрауына жауап ретінде Украинада «арнайы әскери операция» жариялады. Осыдан кейін Батыс Ресейге қарсы ауқымды санкциялар енгізіп, Киевке қару-жарақ пен әскери техниканы жеткізуді осы кезеңге дейін миллиардтаған долларға арттырды.