Талибан билікке оралғалы ашық түрде алғашқы өлім жазасын өткізді
Өлім жазасының орындалу рәсіміне Талибанның жоғары лауазымды басшылары қатысты
Ауғанстанда талибан билікке оралғалы алғаш рет өлім жазасы ашық түрде, көпшіліктің көзінше орындалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі BBC агенттігіне сілтеме жасап.
Билікке келген сәттен бастап талибандар (Қазақстанда террористік ұйым деп танылған) шариғат заңдарын қалпына келтірді. Елдің оңтүстік-батысындағы Фарах провинциясында кісі өлтіргені үшін сотталған ауғандық азамат көпшілік алдында өлім жазасына кесілді. Бұл талибандар билікке оралғалы бері өлім жазасының алғашқы ашық түрде орындалғаны болып саналады.
«Жоғарғы сотқа көпшілік алдында өлім жазасына кесу бұйрығын орындау тапсырылды», - делінген Талибан үкіметінің баспасөз хатшысы Забихулла Муджахидтің мәлімдемесінде.
Өлім жазасының орындалу рәсіміне Талибанның жоғары лауазымды басшылары, соның ішінде вице-министр мен өзге де билік өкілдері қатысты. Ауғанстанның оңтүстік-батысындағы Фарах провинциясындағы Талибанның жергілікті өкілдері дауыс зорайтқыш арқылы адамдарды өлім жазасын көруге шақырған. Талибан соты Тәжмир есімді ер адам кісі өлтіргенін мойындағаннан кейін шариғат заңдары бойынша кек алу үкімі шығарылған. Өлім жазасының өзі қалай өткені белгісіз.
Қараша айында Талибан көшбасшысы Хайбатулла Ахундзада Ауған судьяларына шариғат заңдарына сәйкес жаза тағайындау тәжірибесін енгізуді бұйырды. Тонау, ұрлау және бүлік шығару сияқты қылмыстар үшін кінәлілердің аяқ-қолдары көпшілік алдында кесіліп, таспен ұру арқылы өлтіріледі.
Шын мәнінде, талибандар жаңадан ештеңе ойлап тапқан жоқ. Тек 1996-2001 жылдары билікке келгеннен кейін ұстанған тәжірибеге қайта оралады. Олар қоғамдық қатыгез өлім жазасын енгізді. Бұл жаза көптеген ауғандықтарға ұнамайды. Бұл билікке оралғалы бері талибандардың алғаш рет адам өлтіріп тұрғаны емес. Тек ашық түрде әрі көпшіліктің алдында орындалған алғашқы жаза.