Өрттің негізгі көлемі жеке секторда болған
Жыл басынан бері Алматыда 600-ден астам нысан өртенген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Ерболат Төртқараев айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ТЖД мәліметі бойынша, жыл басынан бері Алматы қаласының аумағында өрт санының өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға азайғаны байқалған. Мысалы, биыл 663 өрт оқиғасы тіркелген, оның ішінде 150 адам құтқарылды, қауіпті аймақтардан 651 адам эвакуацияланды, сонымен қатар, 2 млрд теңгеден астам соманың мүлкін өрттен сақтап үлгерген.
Өрттің негізгі көлемі (54%, немесе 342 жағдай) жеке секторда болады.
"Біз қайғылы жағдайларға қатысты талдау жүргіздік, оның нәтижесінде көптеген өрт оқиғалары мен адамдардың газ иісінен улануы зардап шегушілердің жылыту аспаптары мен газ құралдарының пайдалану кезінде немқұрайлығынан болып жатады. Алматы қаласы бойынша қатты отынмен жылытылатын 2791 үй есепке алынды, өрт кезінде жанған азық-түліктен улану саны 4 оқиға бойынша 10 адамды құрады", - деді Ерболат Төртқараев.