Ресей әскері Днепрден шығысқа қарай шегінгелі бері қала майдан шебіне айналды
Ресей агрессиясына қарсы тұрған Украинаның қаһарман қаласы Херсон – елдің символына айналған шаһар. Оккупациядан босатылғаннан кейін мұнда қалған адамдар үлкен қиындықтарға тап болып жатыр. Қазір жарық, жылу, су жоқ, қажетті тұрмыстық өнімдер жетіспейді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап.
Ресей әскерлері Днепрден шығысқа қарай шегінгелі бері қала майдан шебіне айналды. Соңғы күндері Херсонда бірнеше адам қаза тапты, ал тұрғындар бұрын мұндай ретсіз бомбалауға тап болмағанын айтады. Украин әскерлері қаланы қайтарып алуға тырысқанда, олар тек әскери нысандарға соққы бергенін айтқан. Қазір атыс бүкіл қала бойынша болып жатыр.
Херсонда туып-өскен және Ресей оккупациясы кезінде осында қалуға шешім қабылдаған тұрғынның бірі Олена Аверина жағдайдың қиын екенін айтады.
«Мен қалдым, өйткені анам да, әкем де ауырып жатыр, сондықтан қалуға тура келді. Біз мұнда туып өскендіктен, бәрін тастай алмадық. Егер біз болмасақ, басқа кім көмектеседі? Тек Настя екеуіміз қалдық. Қалғандарының бәрі – қариялар, мүгедектер, олардың бәрін қалай тастап кетуге болады?» - дейді ол.
Олена мен оның қызы Настя күн сайын түрлі үкіметтік емес ұйымнан көмек жинап, көршілеріне таратады.
Қарттар мен науқастар ерекше қиын жағдайға тап болған. Көптеген адамдар енді Херсонда қажетті көмекті ала алмайды. Водников ауруханасы бір кездері қаланың негізгі медициналық мекемелерінің бірі болған.
Енді оның дәрігерлері мен медбикелері дәретханаларды, еденді жуу үшін жұмысқа шелекпен су тасиды. Қызметкерлердің көбі кетіп қалған. Ал пациенттерге қауіпсіздік мақсатында медициналық эвакуация ұсынылғанымен, әзірше ол мүмкін болмай тұр. Оларға қолжетімді көмектің бәрі көрсетіліп жатыр.