Қостанайда осыдан алты ай бұрын пайдалануға берген жаңа үйдің тұрғындары жаурап отыр

Автор: Azattyq Rýhy

Тұрғындардың айтуынша пәтердегі температура 10 градустан аспайды

фото: diapazon.kz

Қостанайда осыдан алты ай бұрын пайдалануға берген жаңа үйдің тұрғындары жаурап отыр. «Аязды күндер басталғалы бойымыз бір жылымады» дейді пәтер иелері. Іштегі ауа температурасы 9-10 градустан аспайды. Соның салдарынан тұрғындардың бірқатары арман болған баспаналарына қона алмай, туған- туыстарының үйін жағалап жүр. Бұл туралы Azattyq Ruhy Қазақстан ұлттық телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Раушан Жәзитова бес жыл күткен баспанасында жайлы тұрмыс кешу мүмкін болмай пұшайман боп жүр. Терезеден жел гулеп, мұз қатады. Электр жылытқыштан да қайыр жоқ. Үнемі күйіп кетеді. Тұрғын үй табиғи газға да қосылмаған.

«Ыстық су мүлдем жоқ. Жуына алмаймыз. Басқа жерге барып жуынамыз. Әр үйге барып қонамыз. Жату мүмкін емес. Кішкене шәй ішіп жүреміз, тағы бір жаққа кетеміз», - дейді қала тұрғыны Раушан Жәзитова.

Юбилейный ықшам ауданындағы бұл үйде 60 пәтер бар. Соның тең жартысында жылу мардымсыз. Тұрғындар коммуналдық төлемге қарыздары болмаса да қызмет көрсету сапасының төмендігіне қынжылады.

«Үйіміз суық, құбырға дұрыс жылу бермейді. Міне, осындай аумаққа үш қана батарея. Ол жылыта ма осындай аумақты? Киіммен жүрем, киіммен ұйықтаймын, бас киім киіп алам тағы. Осы дұрыс па?», - деді қала тұрғыны Сағила Жәкенова.

Жауапты мамандар бұл үйдің құрлысы тиісті мерзімінде аяқталмай созылып кеткенін айтады. Үш мердігер ауысқан. Соның салдарынан жылу желісінде ақау кеткен.

«Үйдің ішіндегі желіде ақау бар деп ойлаймын. Себебі жылу тиісті деңгейде беріліп тұр. Яғни, үй ішіндегі жылу құбырлары бітелген. Қазір қызмет көрсетуші компания оны тазалаумен айналысып жатыр», - деп түсіндірді    Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Сақтаған Мұстафин.

Қызмет көрсетуші компания үйдің жылу жүйесі алдағы екі күнде ретке келтіріледі деп сендірді. Соның арқасында пәтерлерде ыстық су да пайда болады.

Қажетті құжаттар әзірленгесін бір ай көлемінде табиғи газ да берілуі тиіс. Ал құрылыстан кеткен ақауды мердігер кәсіпорын өз есебінен жөндейді. Жаңа нысанның үш жылға дейін кепілдігі бар.

Тегтер: