Атырауда туристік агенттікке алданып қалғандар прокуратура алдында шу шығарды

Автор: Azattyq Rýhy

Шетелде демалмақ болғандардың 30 миллион теңгесін жинап алған агенттік басшысы ізім-қайым жоғалған

фото: видеодан скрин

 Атырауда туристік агенттікке алданып қалғандар прокуратура алдында шу шығарды. Жазғы демаласын теңіз жағасында өткізуді жоспарлағандар «Инфинити тревал М» компаниясынан жолдама сатып алған. Бұл туралы Azattyq Ruhy КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Алайда жеме-жемге келгенде ақша жинап алған басшы ізім-ғайым жоғалыпты. 30-ға тарта тұрғынның 30 миллиондай теңгегесін жымқырған агенттік басшысына қатысты істі жауапты органдар аяғына жеткізбей жауып тастады дейді жиналғандар. Ал прокуратура өкілдері бұл іс қайта тергеуге жіберілгенін мәлімдеді.

Биыл жазда «Инфинити тревал М» туристік агенттігі арқылы шетелде демалмақшы болған 30-дан астам атыраулықтың жоспары жүзеге аспады. Қыруар қаржыны алдын ала жинап алған турфирма өкілдері халықты алдап соққан. Бірі – Мысыр, екіншісі Түркияға барамыз деп жүгін жинап отырғанда жағымсыз жаңалық жеткен. Яғни агенттік қызметкерлері хабарласып «ешқайда бармайсыздар, ақшаларыңыз да қайтарылмайды» депті.

«Туристік агенттіктің менеджерлері хабарласып, жаман жаңалық айтты. Яғни біз ешқайда бара алмаймыз. Ақшамызды ала алмаймыз. Сол мекеменің басшысы Нам Марта деген кісі Алматыда қашып жүр деп айтты. Енді біз сол уақыттан бастап 26 тамызда полицияға арыз жаздық», - дейді жәбірленуші Ерназар Құсайынов.

Дәл осындай демалыстан дәмелі 30-ға жуық адам құзырлы органдарға шағымданған. Кейбірі «Инфинити тревал М» Серіктестігінің тұрақты тұтынушысы болыпты. Тіпті бұған дейін бірнеше рет шетелге жолдама алып саяхаттап келген. Сондықтан жазғы демалысының шырқы бұзылып, алданып қаламыз деп еш күмәнданбаған.

«Дәл осы туристік агенттікпен бұрын да демалып келгенбіз. Бұл жолы отбасымызбен миллионнан астам қаржы жұмсап, қызметін алғанбыз. Алайда алданып қалдық. Құзырлы органдарға арыз жаздық. Бірнеше айдан бері тексеріп жатыр еді. Енді істі жауып тастады дегенді естіп отырмыз. Халықтың қаржысын қалтасына басқан алаяқтар неге жауапсыз қалады?», - деді жәбірленуші Мәдина Мырзахметова.

Жиналғандар 30 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырып жоқ болып кеткен агенттік басышысына қатысты істі құзырлы органдар салғырт қарап отыр деп ашулы. Ал прокуратура іс қайта тергеп-тексеруге жіберілгенін айтады.

«Тергеуші істің толықтық қамтамасыз етпей, істі тоқтату туралы шешім қабылдаған. Қала прокуратурасы аталған істі зерделеп, тергеушінің тоқтату туралы қаулысының күшін жойып, қосымша тергеп-тексеруге жолдады», - деп көрсетті Атырау прокуратурасының бөлім прокуроры Хакімбек Атадусов.

Теңіз жағасында демалудың орнына құзырлы органдардың табалдырығын тоздырған наразы топ туристік агенттік басшысы жауапқа тартылсын дейді. Сондай-ақ алдын ала төленген ақшаны да өндіріп беруді талап етеді.