Байқау қорытындысы бойынша өзбекстандық волонтерлер үздік деп танылды
Астанада Халықаралық волонтерлер күні аясында «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Шараға ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Вера Ким және Елдос Абақанов, «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы тұрақты өкілі Артур ван Дизен, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Бүгін 42 волонтер мен волонтерлік ұйымдар, соның ішінде өзбекстандық волонтерлер жеңімпаз атанды.
«Бүгінде елімізде волонтерлік сала өте қарқынды дамып келеді. Волонтерлік қызметке атсалысып жүрген азаматтар мен ұйымдар санының тұрақты өсуі қалыпты жағдайға айналды. Волонтерлердің қатысуымен іске асырылатын бағдарламалар мен жобалардың ауқымы кеңеюде»,- деді ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.
Министрдің айтуынша, волонтерлік ұйымдардың саны соңғы екі жылда 224-ден 700-ге, белсенді волонтерлер саны 50 мың адамнан 200 мың адамға артқан.
Саладағы бірқатар стратегиялық құжаттардың қабылдануы мен тиісті заңнамаға енгізілген өзгерістер – елдегі волонтерлік саланы дамытуда тың серпін береді.
Министр БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында Мемлекет басшысының Еріктілерді жұмылдырудың халықаралық жылын бекіту туралы айтылған бастамасын ілгерілету бойынша Қазақстандағы БҰҰ Еріктілер бағдарламасымен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Іc-шара барысында Германияның Бон қаласында орналасқан БҰҰ Еріктілері Бағдарламасы басшысы Тойли Курбанов бейне құттықтауын жолдап, Қазақстандағы БҰҰ тұрақты үйлестірушісінің міндетін атқарушы Артур ван Дизен өз сөзінде Қазақстанның волонтерлік саласында жеткен жетістіктерін атап өтсе, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов Қазақстан тарапына ұйымның алғысын жеткізді.