Ақ түтек боранда адасып кеткен азамат 60 шақырым жерді жүріп өткен
Қарағанды облысында боранда адасып қалған шопан құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
3 желтоқсан күні сағат 19:30-да Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментіне Осакаров ауданы Тельманское ауылының тұрғыны жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. 1966 жылы туған ер адам таңертең мал іздеуге шығып, үйіне оралмаған.
«Іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін ТЖД, полиция, жергілікті атқарушы органдар және жергілікті тұрғындар қатарынан іздеу топтары жіберілді. 4 желтоқсанда жоғалған адамды іздеуге «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы жұмылдырылды. Әуеден іздеу жұмыстары Тельман, Шоқай және Сарыөзек ауылдық округтерінің аумағында жүргізілді», - деп көрсетті Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.
4 желтоқсан күні түстен кейін жоғалған адам Сарыөзек ауылынан табылды. Ер адам қатты боранның салдарынан жолынан адасқан. Шамамен 60 км жүріп өтіп, ол ескі қараусыз қалған үйді паналап, сол жерде түнеген.