Шымкентте мұғалім сабаққа джинсы шалбар киіп келген оқушының қолына қалам тығып алған

Автор: Azattyq Rýhy

Оқушының анасы мұғалімнің жазалануын талап етіп отыр

exk.kz

Шымкентте мектеп мұғалімі 5-сынып оқушысы сабаққа джинсы шалбар киіп келгені үшін өздігінше жазаламақ болыпты. Педагог 10 жастағы баланың қолына қаламсап тығып, қатты жарақаттаған. Осылай деген оқушының анасы мұғалімнің жазалануын талап етіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Экспресс К сайтына сілтеме жасап.

Шымкент тұрғыны Жұлдыз Айтмаханбетованың айтуынша, оқиға 30 қараша күні №69 жалпы орта мектепте сабақ уақытында болған. Алайда келіншек бұл туралы тек ертеңіне білген. Өйткені ұлы мұғалімі қолына қаламсап тығып жарақаттағаны туралы анасына айтпапты.

«Ұлымның жейдесін жумақ болғанымда қолдың білек үстіндегі тұсында қанның ізін байқадым. Дереу ұлымнан барып сұрадым. Джинсы шалбар киіп келгенім үшін сынып жетекшім ұрып, қолыма қаламсап тықты деп айтты. Оны естіп, қатты ашуландым», - деді оқушының анасы.

Жұлдыз Айтмаханбетова күн суыған соң ұлына қалың джинсы шалбар кигізуіме тура келді деп отыр.

«Ұлым жаурап қалады деп ішінде қанық көк түсті қалың шалбарын кигізіп жібергенмін. Бүгін директор орынбасарына жолықтым. Ол кісі қарашадан бастап балаларға қалың шалбар киюге рұқсат берілгенін айтты. Сонда апайы бұл жағдайдан хабары жоқ па?», - деп ашуланды ол.

Оқушының анасы ұлын не үшін жарақаттағанын білмек болып, сынып жетекшісіне WhatsApp мессенджері арқылы жазған да екен. Педагог өзінің жасаған әрекетін мойындаған және ол үшін кешірім сұрапты.

«Айып етпеңіз, мен жай ғана істеген едім" деген жауап алдым. Бұл деген масқара ғой. Қаламсапты жай тыққаннан қан шықпайды. Ұлымда жейдесінің сыртынан костюмі болған. Қаламсап сол костюмнен өтіп тұр. Енді қандай күшпен тығылғанын ойлай беріңіз», - деді Жұлдыз Айтмаханбетова.

Ашуға булыққан ана бүгін білім ордасына арнайы барып, полиция қызметкерлерін шақырған. Мұғалімнің үстінен арыз жазған. Өйткені осы жағдайдан кейін ұлы сынып жетекшісінен қатты қорқатынын айтып, мектепке барудан бас тартыпты. Сол үшін педагогтың жазалануын талап етіп отыр.

«Жанына батқан ғой. "Қатты ауырды, сабақта әрең шыдап отырмын" деп айтты. Мен білмеймін, мұғалімі басқа сыныпқа жетекшілік ете ме? Әлде ұлымды басқа сыныпқа ауыстыра ма? Ұлым бұзықтық жасап, оны апайы жай ғана шымшыған болса түсінер едім», - деп сөзін түйді ол.

Мектеп директорының орынбасары Алтынай Құсайынова бұл жағдай туралы оқушының анасы білім ұясына келгенде бір-ақ білдім деп отыр. Содан дереу сынып жетекшіні шақырып мән-жайды анықтап болыпты.

"Апайы балалар төбелесіп жатқанда соларды ажыратамын деп қаламсап қолына кіріп кетті деп отыр. Қазір білім басқармасына бара жатырмыз. Содан шыққан соң баланың үйіне барып, өзімен сөйлесемін. Психологты бірге ертіп барамын. Анасымен сөйлесіп, бір мәмлеге келеміз деп ойлаймыз. Бала - біздің оқушы, мұндайға жол берілмеуі керек. Мұғалімге міндетті түрде шара көріледі, жазасыз қалмайды", - деді директор орынбасары.