Бақытгүл Хаменова сот үкіміне шағым түсірді
Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары 7 жылға сотталған болатын
Атырау облысында 7 жылға сотталған Бақытгүл Хаменова апелляциялық шағым түсірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мой город» порталының хабарлауынша, Бақытгүл Хаменованың шағымын облыстық сот алқасы әлі қарап үлгермеген.
«Атырау қаласының №2 сотына Бақытгүл Хаменова мен оның адвокаты Игорь Вранчевтен, сондай-ақ Адамовтан, Адамовтың адвокаты мен Ақылбек Рысқалиевтің адвокатынан апелляциялық шағым түсті», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Атыраудың №2 қылмыстық істер жөніндегі соты 15 қарашада Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова мен мәдениет басқармасының басшысы болған Ақылбек Рысқалиевке қатысты үкім шығарған болатын. Сот оларды алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адамнан аса ірі көлемде пара алғаны үшін кінәлі деп таныды. Сондай-ақ «Адамов» ЖШС директоры шенеунікке пара бергені үшін кінәлі деп танылды.
Сот үкімімен Бақытгүл Хаменова пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ сотталушының кәмелет жасына толмаған екі баласы бар болғандықтан, сот үкімді үш жылға кейінге қалдырды.
Рысқалиев те кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Адамов та төрт жылға түрмеге қамалды. Барлық сотталғандар өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылады.