Қазақстанда жалға берілетін пәтер бағасы арзандай бастады
Еліміздегі 11 қалада баға көрсеткіштері төмендеген
Соңғы аптада елімізде пәтерлерді жалға беру бағасы тағы 2 пайызға арзандады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Krisha.kz порталының сарапшыларының мәліметінше, 24 қараша мен 1 желтоқсан аралығында мониторинг жүргізіліп жатқан 11 қалада баға көрсеткіштері төмендеген.
Баға ең көп арзандаған қалалар:
- Оралда: 6,2%, 1 шаршы метрге 2708 теңгеге дейін;
- Қостанайда: 4,7%, 3174 теңгеге дейін;
- Петропавлда: 4,7%, 2600 теңгеге дейін;
- Алматыда: 3,1%, 6250 теңгеге дейін;
- Астана: 2,5%, 4062 теңгеге дейін.
Дегенмен, зерттеуде айтылғандай, 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жалға алу бағасы бастапқы деңгейге (қыркүйектің басындағы) төмендей қоймаған.
«Ең үлкен алшақтық Қостанай (+24,6%), Павлодар (+16,9%), Алматы (+16,1%), Астана (+11,7%) қалаларында сақталып отыр. Қарағандыда, Ақтөбеде, Ақтауда, Атырауда баға бастапқы қалыпқа жетіп қалды деуге болады, қыркүйекпен салыстырғанда айырмашылық 5 пайыздан аспайды. Жалпы алғанда, қыркүйектің аяғынан қазан айының ортасына дейін әр қалада әр күні байқалған баға өзгерісі бүгінде орташа есеппен 28,8%-ға төмендеді», - делінген зерттеуде.
Айта кетсек, қарашада Қазақстанда пәтер сатып алу-сату нарығында жасалған мәмілелердің де саны біршама азайған.