Иракта қалып қойған 14 бала Қазақстанға қайтарылады

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың аналары өмір бойына бас бостандығынан айрылған

Қазақстан Ирактағы жетімдер үйінде қалған 14 баланы елге қайтаруды жоспарлап отыр деп хабарлады «Астана» телеарнасы. Бұл туралы елордада өткен Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Ауғанстан жөніндегі отырысында белгілі болған.

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бұл мәселе «Жусан» операциясы аясында жүзеге асуы мүмкін екенін атап өтті. Елге қайтарылуы керек балалар бұрын соғыс аймақтарында болған. Олардың аналары өмір бойына бас бостандығынан айрылыпты. Бүлдіршіндердің үлкені 10-да, ал ең кішісі 2 жаста.

«Ирак тарапы балаларды қайтаруға келісім беріп отыр. Біз жақын күндері оларды Қазақстанға алып келеміз. Енді бүлдіршіндерді ата-анасының қателігі үшін далада тастай алмаймыз ғой», - дейді ҚР СІМ-нің Арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко.

Еске сала кетейік, алғашқы ауқымды «Жусан» гуманитарлық операциясы осы жылдың қаңтарында сәтті жүзеге асырылған еді. Нәтижесінде 357 бала соғыс аймақтарынан Отанға оралды. Ал мамыр айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Сириядан тағы 231 қазақстандық эвакуацияланды. Оның ішінде мектепке дейінгі жастағы 156 бала бар, 18-і жетім қалған. Қазір елге қайтарылған 406 бала арнайы оңалтудан өтіп, қоғамға қайта қосылуда.