Биыл Астана аумағында ғана 680-нен астам өрт болған
Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, мемлекеттік өрт бақылау жүйесін заманауи талаптарға сәйкес, түбегейлі өзгеше тәсілдерді қалыптастырудың шұғыл қажеттілігі туындады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында айтылды.
Мәжіліс депутаты Гауһар Нұғманова Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында осы жылдың 16 қарашасында Астана қаласы, Бауыржан Момышұлы даңғылындағы көпқабатты тұрғын үйде болған өртті сөз ете отырып, осы саладағы түйткілді мәселелерге тоқталып өтті.
«Өздеріңіз білетіндей, жанып жатқан пәтерден бес адам құтқарылды, оның біреуі бала және он адам эвакуацияланды. Бұл ретте өртті сөндіру барысында екі өрт сөндіруші зардап шекті. Өкінішке орай, өрт кезінде адамдарды құтқаруға қатысқан өрт сөндіруші Асқар Забикулин ауруханада жан тапсырды. Дәрігерлер бірнеше күн бойы Асқардың өмірі үшін күрескен еді. Асқар бауырымыз қазіргі заманның батыры және өз ісінің маманы ретінде біздің есімізде мәңгі қалмақ», - деді Нұғманова.
Депутаттың келтірген деректері бойынша, биыл Астана аумағында 682 өрт болды, оның ішінде 105-і көппәтерлі тұрғын үйлерде болған.
Депутаттық сауалда жүйелі мәселелер тізілді:
1) өрт кезінде тұрғын үйлердегі адамдарды өрт автоматикасының техникалық құралдарымен қорғау мәселелеріне:
2) тұрғын және қоғамдық ғимараттардағы өртті сөндіру кезіндегі проблемаларына:
3) өрт сөндіруге шығу кезінде өрт бөлімшелерін басқарудағы мәселелерге:
«Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі саласындағы негізгі проблемалар ғимараттар мен конструкцияларды салу және пайдалану кезінде бизнес иелері тарапынан өрт қауіпсіздігі саласындағы нормаларды елемеуінен және сондай-ақ, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолданылатын жабдықтардың моральдық және физикалық ескіруінен де болуы әбден мүмкін. Осылайша, тұрғын үйлердегі өрттен қорғау жүйесінің рөлі артуы керек және бұл нормативтік құжаттарда көрсетілуі қажет», - дейді депутат.
Айтылған мәселелерге орай Мәжіліс депутаты Үкіметтен мұндай жағдайларды барынша азайту үшін, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар қабылдауды сұрады.
«Жоғарыда айтылғандардың негізінде Үкіметке өрттен қорғау жүйесін күшейту жөніндегі нормативтік құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің Перспективалық жоспарын әзірлеу және бекіту ұсынылады»,- деп нақтылады Нұғманова.