$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Теріскейде ауыл тұрғындары су құбырларын ауыстыруға қарсы

Солтүстікте халықтың 26 пайызы тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр

Теріскейде ауыл тұрғындары су құбырларын ауыстыруға қарсы

Солтүстік Қазақстан облысында екі жыл бұрын ғана тіршілік нәрімен қамтылған елдімекенге қайтадан құбыр тартылып жатыр. 2020-шы жылы Петерфельд ауылының тұрғындары өз қалталарынан ақша жинап, үйлеріне су кіргізген. Алайда, Қызылжар аудандық әкімдігі биыл тағы да қазынадан 400 млн теңге қаражат бөліп, су трассасын салып жатыр. Атқарушы орган өкілдері жаңа құбырға қосылмаған үйлер тіршілік нәрінен ажыратылатынын да ескерткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. 

Бахтияр Байғожин – Петерфельд ауылының тұрғыны. Елдімекендегі су құбырлары 2020 жылы жаңартылғанын айтады. Әкімдік ақша бөліп, жөндеу жұмыстарын бастаған. Алайда қаражат жеткіліксіз болып, шаруа аяқталмай қалыпты. Амалы құрыған тұрғындар өздері ақша жинап, мердігер компаниямен келісіп, жұмысты аяқтауға мәжбүр болған. 

«Көршілермен келісіп, ақша жинадық. Мен тек үйге дейін құбыр тартуға 250 мың теңге төледім. Іштегі санитарлық бөлмені түгел жөндеп алдым. Қол жуғыш, унитаз, душ кабинкасына дейін бар. Бәріне біраз қаржы жұмсадық. Енді әкімдік қайтадан ақшат бөліп, жаңадан құбыр тартып жатыр. Біздің қазіргі сумен қамту жүйесіне еш шағымымыз жоқ. Жазда бәрі жеміс-жидек егеді. Оған осы құдықтардағы суды пайдаланамыз. Қысым төмендеген емес. Біз жаңа құбыр салуға қарсымыз. Өткенде жұмысшылар экскаватормен қазып, көршілердің су құбырын тесіп кетті. Бірнеше күн сусыз отырды. Кейін құбырды мердігер компания өкілдері жалғап берді. Бірақ ол қайта жарылып кетуі мүмкін», - дейі Бахтияр Байғожин.

АЛҒАН НЕСИЕНІ ӨТЕП ҮЛГЕРМЕГЕНДЕР БАР

Үйге су кіргізу үшін жарты миллион теңге төлегендер бар. Кейбірі алған несиені де өтеп бітірмеген. Тұрғындарға жаңа құбырға қосылу үшін тағы да шығындалуға тура келеді. Сондықтан көпшілік су желісін жаңалауға қарсы.

«Осы Қызылжар ауданында-ақ сусыз отырған ауылдар толып жатыр. Жөндеуді қажет ететін жолдар да жетерлік. Әкімдіктің бюджеттегі ақшасы тасып бара жатса неге соған жұмсамайды? Ақшаны осылай жерге көме сала ма? Біз жаңа құбыр салуға үзілді-кесілді қарсымыз. Бірақ ешкім құлақ асып жатқан жоқ. Осында ауылдық округ әкімі де, аудан әкімінің орынбасары да келді. Бізді тыңдағысы келмейді. Бұл жерде жемқорлықтың желі есіп тұр. Біз жұмыстың тоқтатылғанын талап етеміз. Алғашқы құбырды тартуға алған несиені төлеп бітірген жоқпыз. Енді оны пайдаға жаратпайын деп жатыр. Тағы жаңа құбырға қосылу үшін біз ақшаны қайдан аламыз?», - дейді ауыл тұрғыны Виктория Курбатова.

Ауыл ішінде тартылуы тиіс құбырдың ұзындығы – 14 шақырым. Нысан келер жылдың мамыр айында тапсырылуы керек. Уақыт тығыз. Сондықтан сарышұнақ аязда техниканың қатып жатқанына қарамастан жұмыс жалғасып жатыр.

«Біз жай ғана мердігер компаниямыз. Келісімде көрсетілген шарттарды орындап жатырмыз. Халықтың наразылығын білеміз. Бірақ біз жұмысты тоқтатпаймыз. Жұмыс кестесі бар. Алғашқы траншты алдық. Бұл келер жылға баратын жоба. Көктемде жұмысты аяқтаймыз», - дейді мердігер компания өкілі Игорь Семакшев.

ТҰРҒЫНДАР ҮЙЛЕРІНЕН ШЫҒА АЛМАЙ ҚАЛДЫ

Тұрғындардың айтуынша, арнайы техника бір аптадан бері көшелерді қазып жатыр. Салдарынан жолдар да бүлініп қалған. Көпшілік балшықтың бәрі көктемде ми батпаққа айналатынынын айтады. 

«Есіктің алдында трашнея қазып тастады. Тереңдігі 3 метр. Енді көлігім шыға алмайды. Жұмысқа қалай барамын? Топырақтың барлығын быт-шыт қылып шашып тастады. Ол қатып қалды.  Астынан су шығып жатыр. Грейдер жол бүлініп қалды. Суды екі жыл бұрын ғана тарттық. Бұл сұмдық қой. Мемлекеттің ақшасы осылай шашылады, міне. Біздің төлеген салықтың қаржысы далаға кетеді», - дейді ауыл тұрғыны Жорабай Абдуллаев.

ӘКІМДІК ӨКІЛДЕРІ АЙТҚАН БЕТІНЕН ҚАЙТПАҚ ЕМЕС

Петерфельд ауылы облыс орталығынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан.  500 шаңырақ түтін түтетіп отыр. Тұрғындардың 90 пайызы сырттан су тасымайды.

«2020 жылы диаметрі 50 мм құбырлар тартылды. Бұл тұтынушыларды сумен қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Сондықтан биыл жаңа жоба жүзеге асырылып жатыр. Енді халық қана емес, шаруашылықтар да таза сумен қамтылады. Елдімекенде 2 қабатты үйлер де бар. Оларға да тіршілік нәрі керек. Тұрғындар бірнеше рет қарсылық танытып, мәселе көтерді. Олар жаңа су құбырына қосылу үшін көп қаражат қажет еместігін түсіндірдік. Өйткені олар бар су құбырын жаңа трассаға оса салады. Есесінде бұл нысан жарты ғасыр қызмет етеді. 50 жыл бойы еш алаңсыз өмір сүруге болады», - дейді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Қуандық Шакубаев.

Ауыл тұрғындары әкімдіктің әрекетін бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану деп есептейді. Көпшілік құбыр ауыстыру жұмыстарын тоқтатуды талап етіп, құзырлы органдарға арыз жолдады. Ал солтүстікте халықтың 26 пайызы тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр. 226 елдімекенде сапалы ауыз су жоқ. Оның 10 шақтысы осы Қызылжар ауданында орналасқан.

Серіктес жаңалықтары