Көлгінов пен Есімов «Сарыарқа» газ құбырының салынып біткенін киіз үйде атап өтті

Автор: Azattyq Rýhy

Тарихи сәтке куә болған А.Көлгінов пен А.Есімов «Сарыарқа» газ құбырына естелік қолтаңбаларын қалдырды

Бүгін Елорданы газбен қамтитын «Сарыарқа» магистральды құбыры желілік бөлігінің құрылысы аяқталды. Екі облыстың құбырлары түйіскен тұсты дәнекерлеу салтанатына «Самұрық Қазына» ҰӘҚ АҚ Төрағасы Ахметжан Есімов пен Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов келді. Енді газды қалаға тарту жұмысы қалды. Қала басшысының орынбасары Ермек Қизатов 2020 жылдың жазында 1-ші және 2-ші жылу электр орталықтары газ қабылдай бастайтынын айтты.

«Алғашқы жылу маусымының басында (күзде – авт.) ғимараттар газбен жылытыла бастайды. Бірінші кезеңде су жылытатын қазандықтарды көгілдір отынмен қамтимыз. Ол қаладағы ғимараттарға жылу береді. Кезең-кезеңімен жұмыс істеп, үш жыл ішінде екі ЖЭО-ын да газға толық өткіземіз», - деді ол. 

Айта кетейік,  бірінші кезеңде ЖЭО-1,2,3, Көктал-1,2, Железнодорожный кенті, Оңтүстік-Шығыс аудандарына газ беріледі. Осылайша 13,5 мың үй көгілдір отынмен қамтылады.  Екінші кезең бойынша Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар (1-2 ПК), Тельман (3 ПК), Пригородный, Garden Village, Family Village (4 ПК) елді-мекендері тұр. Ал үшінші кезеңде Ильинка (1-2-ші ДК), Шұбар (3-ші ДК), Өндіріс (4-ші ДК) елді-мекендері газдандырылады. Газ құбырының жалпы ұзындығы 1061,3 км құрайды және 171 елді мекенді, яғни 2 млн тұрғынды қамтиды. Жобаның құны – 267,3 млрд.теңге. Тарифті «Интергаз Орталық Азия» АҚ белгілейді. Ол Нұр-Сұлтанда газ таратуға жауапты компания болмақ. 

 

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан