Ондағы бір балаға жылына орта есеппен 5 309 194 теңге бөлінеді
Балалар интернаттарындағы қаржыны жымқыру және сыбайлас жемқорлық мәселелері күні бүгінге дейін толыққанды шешімін таппай отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин «Балалардың әл-ауқаты және олардың құқықтарын қорғау» тақырыбында өткен ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында айтты.
«Балалар интернаттары – білім беру, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау секілді үш министрлікке бөлінген. Біз балалар омбудсмені қызметін атқарғанға дейін-ақ осы мекемелердегі қаржыны жымқыру және сыбайлас жемқорлық мәселелерін көтердік, соның салдарынан дұрыс тамақтанудың қамтамасыз етілмеуі және т.б. балалардың құқықтарының барынша өрескел бұзылуына әкеп соғатын мәселелердің бар екендігін анықтадық. Бүгінгі күні бұл мекемелерде 4,5 мыңға жуық бала бар екенін және бұл мекемелерді мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру орасан зор сома – 26,1 млрд теңгені (жылына бір балаға орта есеппен 5 309 194 теңге) құрайтынын атап өткім келеді», - деді Аружан Саин.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2021 жылғы 15 ақпанда Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігі жедел-профилактикалық «Qamqor» іс-шарасының аясында бірлескен іс-қимылдар туралы меморандумға қол қойды. Бұл жоба балалар мекемелеріндегі құқық бұзушылықтарды анықтауға ғана емес, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтарын қорғау жүйесінің «әлсіз» тұстарын анықтауға бағытталған.
«ПҚО басынан бері ІІМ аумақтық департаменттері Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ондаған істерді тіркеді, келтірілген залал жүздеген миллион теңгені құрайды. Мен берген ақпарат расталды. Сот-тергеу тәжірибесін талдау барысында, аталған мекемелердің қызметін ұйымдастыруда ұрлыққа жағдай туғызатын келесі мәселелердің бар екендігін көрсетілді. Қаржы мониторингі агенттігі балалар мекемелері сатып алатын тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге мониторинг жүргізіп, олардың бағаларын нарықтық бағалармен, тауарларды жеткізудің ықтимал тәуекелдерімен, сондай-ақ тапсырыс беруші мен жеткізуші арасындағы байланыстырылған қарым-қатынастарды салыстыра отырып жүргізілді. Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі азық-түлік тауарларын нарық бағасынан әлдеқайда жоғары бағамен сатып алуға байланысты. Бұл басқа қажеттіліктердің құнын азайтады, жетіспеушілік, дұрыс тамақтанбау секілді мәселелердің салдарынан балалар зардап шегеді», - деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.
Мәселен сүт өнімін жеткізушісі, оны күнделікті бірдей бағамен сата алады, бірақ балалар мекемесіне келгенде, ол оны екі есеге жуық қымбатқа сатады екен. Саинның айтуынша, Әдетте, бұл провайдерлер балалар мекемелерінің қызметкерлерімен жақын немесе достық қарым-қатынаста болады. Мәселе мынада, азық-түлік өнімдері әдетте тез бұзылады, ал бақылаушы органдар тексерген кезде, оларды тұтынып қойған немесе нашарлап, есептен алынған болып шығады.
«Соған қарамастан, бүгінгі күні бірлескен жұмыстың нәтижесінде жалпы сомасы 500 миллион теңгеден астам залал келтірген 34 мекемеге қатысты 50 қылмыстық құқық бұзушылық жағдайлары анықталды, оларда жалпы санақпен 798 бала тәрбиеленуде. Мәселен, Павлодар облысында көру және есту қабілеті нашар жандарға техникалық талаптарға сай келмейтін ноутбуктер мен ұялы телефондар жеткізілді. Нәтижесінде 209 миллион бюджет қаражатының ұрлануына жол берілген. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде», - деді Аружан Саин.
Бұдан бөлек, Елордадағы балалар үйлерінің бірінде азық-түлік сатып алуға бөлінген 25,8 миллион теңгенің ұрланғаны баршаға белігі. Жымқырылған қаражатқа мекеме қызметкерлері пәтер сатып алып, қайта сатып үлгерген. Ал Түркістан облысында медициналық-әлеуметтік мекемеге көмір сатып алу үшін бөлінген 14,1 миллион теңгенің ұрланғаны анықталды. Бұл ретте мекеме қызметкерлері бұл фактіні жасыру үшін мемлекеттік аудит қызметкеріне 500 мың теңге көлемінде пара бермек болған. Осы облыста Ленгір қаласындағы есту қабілеті нашар балаларға арналған мектеп- интернатында 2,1 миллион қаражат көлеміндегі киім-кешек, кеңсе тауарлары мен тұрмыстық заттарының ұрланғаны анықталды.
Аружан Саин бұлардан бөлек тағы бірнеше фактіні атап өтті.
«Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысындағы мамандандырылған мекемелердің бірінде 2,6 миллион теңгені құрайтын азық-түлік өнімдерінің ысырап болғаны анықталды. Шымкентте жетім балалардың сауықтыру демалысын ұйымдастыруға бөлінген 2,8 миллион теңгені ұрлау фактісі анықталды. Балалар жазғы демалыссыз қалды. Істі тергеу барысында келтірілген залал өтелді. Атырау облысында балалар мекемесінің басшылығы матрац сатып алу үшін 900 мың теңгені есептен шығарды. Ал шындығында, олар қолданыста болған матрацтарды демеушілерден алған. Келтірілген залал өтеліп, іс тоқтатылды. Балалар мекемелерін жөндеу кезінде 27 миллион теңгенің ұрланғаны анықталды», - деді ол.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша сот және тергеу тәжірибесін талдау барысында ұрлыққа жағдай туғызатын бірқатар жүйелі проблемалар бар. Мәселен, бұл мекемелер мемлекеттік сатып алу жүйесінен шығарылды. Басқа факторларға қайырымдылық қаражатын есепке алу мен орналастырудың жүргізілмеуі, балалар ақшасының кедергісіз алынуы, қызметкерлердің жалақысының төмендігі, тауарлар мен материалдардың электронды есебінің болмауы, жетім балалардың мүлкіне билік ету ережелерінің жоқтығы және т.б себептер әсер етеді.
«Неге екені белгісіз, бұл мекемелер кәсіпкерлік кодекске кәсіпкерлік субъектілері ретінде енгізілген, және ол жерден әлі де шығарылған жоқ. Басқа да мемлекеттік балалар мекемелері сияқты. Кездейсоқ тексеру тетігі жоқ, тексеру күнін көрсете отырып, алдымен тексеру жоспарына енгізбей, балалардың құқықтарының бұзылуын ешкім анықтай алмайды. Ал балалар шағымдана алмайды! Олардың көпшілігі өз құқықтарын түсінбейді және білмейді, олар толығымен мекеме әкімшілігіне тәуелді, және бала нәресте болса немесе есту, көру, сөйлеу немесе интеллекттерінде ауытқулар болса, ол қалай өтініш береді? Осы және басқа да түйткілді мәселелер мен оларды жою жөніндегі ұсыныстар Қауіпсіздік Кеңесі мен Үкіметке жолданды», - деп нақтылады Саин.
Осы мәселелерді шешудің кешенді тәсілі ғана жетім балалар мен мүгедек балалардың құқықтарының бұзылуын жояды және оларға тиісті күтімді қамтамасыз етеді. Десе де Саинның айтуынша, бұл мәселенің тұтастай шешілуіне мүмкіндік бермейді.
«Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде мен әрбір баланың отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқықтарын жүзеге асыру үшін Қазақстан барлық күш-жігерді интернаттық мекемелерде балаларды тәрбиелеу жүйесін деинституционализациялауға бағыттауы керек деп есептеймін. Біз барлығымыз барлық аспектілерде баланың ең жақсы мүдделерін басшылыққа алуымыз керек. Бірақ түрлі себептермен ата-анасыз қалған балалар ерекше қорғауды қажет етеді», - деді өз сөзінде Аружан Саин.
Балалардың құқықтары халықаралық құжаттарда бекітілген. Осылайша, БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясын Қазақстан сонау 1994 жылы ратификациялаған болатын. Осылайша, мемлекет осы құқықтарды қорғау міндеттерін алды, оның ішінде балалардың қалыпты отбасылық өмірін қамтамасыз ету құқықтары бар. Алайдда Қазақстан 2002 жылдан бері бұл мәселеге қатысты халықаралық қауымдастықтан үнемі теріс баға алып отыр.
«Мен ел Президентіне мемлекеттік мектеп-интернаттарды деинституционализациялау міндеті туралы жаздым. Қазір Қазақстанда кәсіби патронаттық отбасылар институтын енгізуді көздейтін әлеуметтік қамсыздандырудың және бала күтімінің базалық жүйесі әзірленуде, бұл ретте біздің ҮЕҰ бізге көмектесуде, әсіресе «Ана үйі» қоғамдық қорын, «Позитив Үміт» қайырымдылық қоры, «Ковчег» мекемесі, «Қазақстанның бала асырап алушылар қоғамдастығы» қоғамдық қорын, және Еуропалық Одақтың жұмыспен қамту, еңбекті қорғау және әлеуметтік мәселелер жөніндегі сарапшылық орталығы болып табылатын «SOCIEUX+» Еуропалық қорын ерекше атап өткім келеді», - деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.
Аружан Саин келтірген деректерге сүйенсек, «Ана үйі» ҚҚ және ҚОПД патронаттық отбасылардағы (18 616 бала) және мемлекеттік мекемелердегі балаларды ұстауға бюджеттік шығыстарға талдау жүргізді, бұл пропорционалды емес бөлуді көрсетті. Осылайша, отбасылардағы (қамқоршылық, патронат, патронаттық отбасылар, отбасылық үлгідегі балалар үйлері) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және мекемелердегі 4916 тәрбиеленушіге (сол кезде) жұмсалған қаражат жалпы алғанда 33,6 млрд теңгені құрайды. Яғни, мемлекеттік мекемелердегі баланы тәрбиелеуге кететін шығын отбасындағы балаға кететін шығыннан 13 есе асып түседі.
«Мен бұл туралы егжей-тегжейлі тоқталмаймын, біз барлық талдауларды ұсынуға дайынбыз. Тек мына жайтқа тоқталғым келеді, анализдердің талдауы бойынша, отбасыларды құруға жұмсалатын бюджеттік шығындар ұлғаймағандықтан, бұл жағдай жергілікті атқарушы органдар басшыларының балаларды отбасына орналастыру міндетін орындамайтындығын көрсетеді. Сондай-ақ жүйелі мониторинг пен бақылау жоқ, ең бастысы, балаларды орналастырудың баламалы түрлерін дамытудың стратегиялық міндеті де жоқ. Тиісінше, мекеме басшылары балаларды орналастыруға мүдделі емес, олардың орналастыру, кандидаттарды іздеу және қандас отбасыларымен жұмыс істеу бойынша негізгі нәтижелік көрсеткіштері жоқ», - деді Аружан Саин.
Өз сөзінде Аружан Саин осы айтылғандарға байланысты бюджеттік шығыстарға, олардың пропорционалдылығына және ашықтығына жақсы талдау жасау үшін егжей- тегжейлі талдау жүргізетін кәсіби аудит қажеттігін атап өтті.
Айжан Жанатқызы