Мемлекет басшысы заңсыз шығарылған активерді мемлекетке қайтару туралы Жарлыққа қол қойды

Azattyq Rýhy

Бұған дейін Президент ұлықтау рәсімінде шетелден қайтарылған активтердің қайда жұмсалатынын айтқан еді

Мемлекет басшысы заңсыз шығарылған активерді мемлекетке қайтару туралы Жарлыққа қол қойды
Фото ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Бұған дейін Президент ұлықтау рәсімінде шетелден қайтарылған активтердің қайда жұмсалатынын айтқан болатын. Azattyq Rýhy құжаттың толық мәтінін ұсынып отыр.

***

Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы

2022 жылғы 26 қараша

«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 21-бабына сәйкес, елден заңсыз шығарылған активтерді Қазақстан Республикасына қайтару, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған активтерді (бұдан әрі – заңсыз шығарылған активтер) анықтау және оларды мемлекетке қайтару мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен), Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігімен, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамымен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, 2023 жылғы 31 наурызға дейін:

1) заңмен реттелетін құқық қатынастарының субъектілерін анықтауға;

2) заңсыз шығарылған активтердің шығу тегін ашу, растау және оларды қайтару тетіктерін регламенттеуге;

3) заңсыз шығарылған активтерді қайтару рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге;

4) заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке өз еркімен беруді ынталандыруға;

5) активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен себептер мен шарттарды жоюға бағытталған жүйелі шараларды қабылдауға;

6) өкілеттіктерін айқындай отырып, заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші органды құруға;

7) келіп түсетін заңсыз шығарылған активтерді жинақтайтын және оларды Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыру үшін басқаратын арнаулы мемлекеттік қорды құруға бағытталған Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлесін және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізсін.

2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құрылымында заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша жеке бөлімше құру жөнінде ұсыныс енгізсін.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңсыз шығарылған активтерді анықтау және мемлекетке қайтару үшін шет елдермен және халықаралық ұйымдармен, оның ішінде халықаралық құқықтық көмек шеңберіндегі тиімді өзара іс-қимылды жүйелі негізде қамтамасыз етсін.

4. Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға маманданатын бөлімшелерді айқындасын.

5. Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар, сондай-ақ өзге де ұйымдар осы Жарлықты іске асыру бойынша шаралар қабылдасын.

6. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

7. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының

Президенті Қ.Тоқаев

Астана, Ақорда, 2022 жылғы 26 қараша

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.