Елімізде жұмыссыз жастар санын азайту қалай жүзеге асырылады?

Автор: Azattyq Rýhy

Республика бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8%

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2022 жылдың басындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы жастарының саны 3,7 млн адамды құрап отыр. 2022 жылдың 2 тоқсанының қорытындысы бойынша жұмыссыз жастар саны 68,5 мың адам. Республика бойынша жұмыссыздықтың жалпы деңгейі 4,9%, ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8%.

Ал еліміздегі NEET санатындағы жастардың үлесі 6,5%, бұл өткен жылдың қорытындысымен салыстырғанда 0,4% - ға төмен (6,9%).

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың қыркүйек айында жариялаған Жолдауында бүгінде NEET санатындағы 237 мың жас оқу да оқымайды, жұмыс та істемейтіні атап өткен еді.

NEET – бұл 16-24 жас аралығындағы жұмыс және оқу орны жоқ заманауи жастар.

«Экономика Жоғары Мектебі» Ұлттық зерттеу университетінің зерттеулеріне сәйкес, қазіргі әлем NEET жастары проблемасына тап болып отыр. Оған бірнеше факторлар себеп болуда: білім деңгейінің төмендігі, денсаулық жағдайы, ерте жүктілік. Жеке факторлардан басқа, зерттеу авторлары отбасылық мәселелердің де кері ықпалын атап өтті: тұрмыстық жағдайдың төмендігі, жұмыссыз ата-аналар, көп балалы отбасы.

Қыркүйек айында Мәжіліс депутаттардың ұсынысымен жастар санатын 35 жасқа дейін ұзарту нормасы енгізілді. Норма бекітілсе, еліміздегі жастар саны 6,2 миллионға жетеді. Демек, NEET санатындағы жастар саны азайып емес, керісінше көбеюі мүмкін. Заң жобасын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірледі. Ведомсвто басшысы Дархан Қыдырәлінің сөзіне сенсек, NEET жастары мәселесі аталған заң жобасында кеңінен көрініс тапқан. Бұл ретте тізімдегі жастарды төртке бөлу қарастырылып отыр.

Біріншісі – жалпы жұмыссыз жастар. Осы арқылы оқудан шығып қалған, жұмыс істемейтіндер қатары анықталады. Халықты жұмыспен қамту орталықтарынан олардың дереккөздері алынады. Екінші санатта – жұмыс істей алатын мүмкіндігі шектеулі жандар болады. Ал үшінші тізімде – созылмалы аурулармен ауыратын немесе зиянды нәрселерге тәуелді еліміздегі белсенді емес жастармен жұмыс істеу қолға алынады. Соңғысы – үй шаруасындағы жастар. Оған көп балалы, жалғыз басты аналар кіреді. Олардың саны анықталып, индексі жасақталады және жұмыспен қамту мәселесі реттеледі.

«Қазақстан жастар конгресі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов жұмыссыз жастарды еңбекпен қамтуда Үкімет олардың тек қабілеттіліктеріне ғана емес, сонымен қатар психологиялық жағдайларына да назар аудару керек дейді.

«NEET санатындағы жастар әлемнің өзге елдерінде де бар. Кейбір мемлекеттерде оның көрсеткіші 10-15 пайызға дейін жетеді. Үкімет бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарып жатыр. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жастарға түрлі мүмкіндіктер ұсынылуда. Өкінішке қарай NEET санатындағы кей жастардың жұмыс істеуге ынталары жоқ. Бұған психологиялық тұрғыдан қарау керек. Неліктен олар ондай деңгейге жетті? Сол үшін биліктегілер жұмыс орындарын ашу сияқты бір бағытта ғана жұмыс атқармай, жастармен психологиялық тұрғыда да шаралар қабылдау керек деп ойлаймын. Меніңше NEET санатындағы жастар санын 2025 жылға дейін азайта аламыз. Бірақ толық 0 пайызға жеткіземіз дегенге сенбеймін. Қазіргі көрсеткішті (6,5%) 3-4 пайызға төмендетеміз деген ойдамын», - дейді Тоқтар Болысов.

Мемлекет жастарды жұмыспен қамтуда түрлі механизмдері қолданып келеді. Бұл ретте Еңбек министрлігі мен жергілікті әкімдіктердің бірлесіп жасап жатқан жобалары жетерлік. «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы», «Жасыл ел», «Серпін 2050» сынды бағдарламалар. Десе де, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейінің көрсеткіші өте баяу түрде төмендеп жатыр. Себебі жастардың басым бөлігі ондағы жалақыны азсынады.  

«Оңтүстік пен солтүстік облыстардағы аймақтарды қарайтын болсақ, ол жақта жастар үшін шынымен де жалақы төмен. Меніңше жастарды жұмыспен қамту бағдарламарында сегментация болуы керек. Себебі әр өңірдің экономикалық жағдайы әртүрлі. Сондай-ақ, оның барлығын АЕК-пен байланыстырған жөн болатын шығар. Себебі 2015 жылғы «100 000 теңгені» 2022 жылғы «100 000 теңгемен» салыстыруға болмайды», - дейді «Қазақстан жастар конгресі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов.

Қазақстанда қазіргі уақытта халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары, оның ішінде жастарды еңбекпен қамтамасыз ету «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021 - 2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» шеңберінде іске асырылуда, оның ішінде өз кәсібін ашу және дамыту, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру мен еңбек ресурстары дағдыларын дамыту үшін жағдайлар жасау жөніндегі бірқатар міндеттер бар.

Бұған дейін қыркүйек айында Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова субсидия берілетін жұмыс орындарын құру арқылы жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу туралы айтқан еді.

Бұл жұмыс берушілерді еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету және еңбек нарығында ең үлкен қиындықтарға тап болған азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін атқарылатын шара.

«Субсидия берілетін жұмыс орындарына қамтылған 152 мыңнан астам азаматтың 41%-ы – жастар. Осы шаралардың нәтижесінде жастар нақты машықтар мен дағдыларды игеріп, әрі қарай тұрақты жұмысқа орналасатын болады.  Алайда, өңірлердің көпшілігі бұл бағдарламаларға қатысқан тұрғындарды тұрақты жұмысқа орналастырмаған. Еліміз бойынша жоспар 34,8%-ға ғана орындалды», - деді министр өз баяндамасында.

Жалпы халықты жұмыспен қамту бойынша ең жоғары көрсеткіштер Ақмола, Жамбыл, Қызылорда және Алматы облыстарының еншісінде.  Ал, ең төменгі көрсеткіштер Шымкент қаласында (8,9%), Түркістан (13,5%) және Павлодар (25,1%) облысында. Жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша да ахуал дәл осындай сипатта болып отыр. Аталған 3 облыс мұнда да көштің соңында тұр. 

«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021 - 2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» шеңберінде кәсіпкерлік негіздерін оқытудан бастап қаржылық қолдау көрсетуге дейінгі қолдау шараларының толық спектрі көрсетіледі. Нақтырақ айтқанда, жастардың және азаматтардың әлеуметтік осал санаттары өкілдерінің бизнес-идеяларын іске асыруға 400 АЕК-ке дейінгі гранттар беріледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі берген ақпараттарға сүйенсек, 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 11,8 мың жас 400 АЕК (1,2 млн теңге) көлемінде өтеусіз гранттар түрінде осындай қолдауға ие болды.

«Гранттар негізінен технологиялық жабдықтар, еңбек құралдары, мал мен құстарды сатып алуға беріледі. Осының арқасында жаңа тігін шеберханалары, наубайханалар, сұлулық салондары, сүт және басқа да өндіріс орындары ашылды. Өз кезегінде азаматтардың кәсіпкерлік бойынша мемлекеттік қолдау шараларын алуға өтінімдері портал арқылы беріледі business.enbek.kz, "бір терезе" қағидаты бойынша жұмыс істейді», - делінген хабарламада.

Еңбек министрлігінің бұл ретте жасап жатқан жұмыстарының бірі білімге бағытталған. Жұмыс күшінің мүмкіндігін дамыту үшін жұмыс берушілердің сұранысы бойынша жас мамандарды оқыту қарастырылады. Яғни аталған шара тәлімгермен 3 айға дейін жұмыс орнында оқу және 20 АЕК (ай сайын) мөлшерінде жалақыны субсидиялау арқылы жүзеге асырылады.

2022 жылдың 1 қарашасына дейінгі жағдай бойынша оқытудың осы түрімен 3,6 мыңнан аса жас қамтылды.

«Курсты аяқтағандардың 87% – ы жұмысқа орналастырылды (1992 адам бітірді, 1733 адам жұмысқа орналастырылды). Сонымен қатар, Еңбек ресурстарын дамытуда бүкіл халық үшін оқытудың цифрлық нысандарына баса назар аударылады. Мәселен, 2021 жылдың шілдесінен бастап еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды онлайн режимде қысқа мерзімді оқытудың бірыңғай порталы іске қосылды (https://skills.enbek.kz). Портал онлайн оқытудың қысқа мерзімді курстарының маркетплейсі болып табылады және сұранысқа ие мамандықтарды үйренуге немесе біліктілігін арттыруға ниет білдірген кез келген республика азаматы үшін қолжетімді. 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 6 240 жас онлайн оқытудан өтті», - делінген хабарламада.

Қысқа мерзімді оқытудың бұл шаралары азаматтарға кейіннен жұмысқа орналасу үшін еңбек нарығында біліктілігін арттыруға және талап етілетін дағдыларды алуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, министрлік тағы бірқатар міндеттерді жүзеге асыратын болады.

  • ЖОО бітірген мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу үшін «Жастар практикасы» қарастырылған.  Биылдан бастап субсидиялардың мерзімі мен мөлшері – 6 айдан 12 айға дейін және 30 АЕК-ке дейін (ай сайын) ұлғайтылды.
  • «Алғашқы жұмыс орны» жобасы NEET жастарын жұмыспен қамтуды және олардың жалақысын 18 айға дейін 30 АЕК мөлшерінде субсидиялай отырып, жұмысқа орналастыруды көздейді.
  • «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы зейнеткерлік жастағы жұмыс істеп жүрген қызметкерді жас маманмен ауыстыруды көздейді.

Сонымен қатар, 20 АЕК-ке дейін субсидияланатын «Әлеуметтік жұмыс орындары», ал ұзақ мерзімді жұмыссыздар мен халықтың басқа да басым топтары үшін «қоғамдық жұмыстар» (12 айға дейінгі мерзімде айына кемінде 20 АЕК субсидиялау) көзделген.

Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл 27 қыркүйекте Skills Enbek платформаларын интергациялау арқылы онлайн оқытуды дамыту бойынша Coursera халықаралық білім беру платформасымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

«Coursera және Skills Enbek алаңдарында Онлайн-оқыту қазақстандықтарға өз біліктілігін арттыруға, жаңа дағдылар алуға және өздері үшін жаңа салада мансап бастауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауына сәйкес 2023 жылдан бастап 100 мың жас жұмыспен қамту шараларымен қамтылатын болады», - делінген хабарламада.

Айжан Жанатқызы