«Туристердің 10%-ы - шетелдіктер»: «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортына келушілердің саны абсолютті рекордқа жеткен

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Өткен маусымда демалыс орнына 1 миллионнан астам адам келді

«Шымбұлақ» тау-шаңғы курортына бір жылда миллионнан астам демалушы барған. Туристердің тең жартысына жуығы қыс маусымында келген. Алатау баурайындағы сырғанау алаңдары демалушыларды қабылдауға толық дайын, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Демалыс орнынының басшылығы қымбатшылыққа қарамастан, аспалы жолдың құны бұрынғы қалпында өзгеріссіз қалады деп отыр. Демаушылардың басым бөлігін ішкі туристер құрайды. Ал басқа мемлекеттен келген туристердің үлесі 10% аспайды.    

 «2021-2022 жылғы маусымда «Шымбұлақ» демалыс орнына 1 млн 237 адам келген. Курортқа келушілер саны жыл сайын артып келеді. 2019 жылдан бері Шымбұлаққа келушілердің орташа өсімі + 48% құрайды. Осыдан екі жыл бұрын 789 613 демалушы тіркелген еді. Өткен маусымда келушілердің саны абсолютті рекордқа жетті», - деді «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешенінің қаржы директоры Алмас Кеделбаев.

Зейнеткерлер, бес жасқа дейінгі балалар мен мүгедектер жұмыс күндері демалыс кешеніне тегін кіре алады. Көпбалалы аналарға да 30% жеңілдік қарастырылған. Сондай-ақ көпбалалы және аз қамтылған отбасыдан шыққан оқушылар мен аутизмге шалдыққан бүлдіршіндер сырғанауды үйрететін тегін курстарға қатыса алады. Қауіпсіздік мақсатында биылдан бастап шаңғы тебе алмайтын балалар мен ересектерге жаңа оқу-жаттығу жолы ашылған. 

«Биылғы жаңалық, кішкентай балаларға «Ақ барсик» трассасы ашылды.  «Құрғас сай» трассасы да ашылды. Бұл трассаларда көптеген жұмыс жүргізілді. Шаңғы тебетін жол ұзартылды. Қосымша үш шақырым сырғанау жолы қосылды. Қысқы-жазғы маусымын қоса алғанда 1 миллион 28 мың адам келген, Әлеуметтік бағдарлама шеңберінде Шымбұлақта мүгедектер, зейнеткерлер, 5 жасқа дейінгі балалар үшін тегін жүру және сырғанау мүмкіндігі беріледі. Өткен маусымда  99 122 бала мен зейнеткер тегін сырғанау мүмкіндігіне ие болды. Тағыда 90 160 бала мен 8 962 зейнеткер 30% жеңілдікпен берілетін билетті пайдаланды.  Көп балалы отбасылар үшін де жеңілдік қарастырылған», -деді  «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешені директорының орынбасары Ләззат Бастаубаева.

Сонымен қатар биыл «Almaty Extreme Games» прогрессивті спорт түрлерінің бірінші халықаралық фестивалі өтеді. Алғаш рет Алматыда өтетін фестивалінде үш күн бойы шаңғы мен сноуборд спортының кәсібиі өкілдері өнер көрсетіп, күрделі трюктер жасайды.