Айыпталушылар орындығында - бүлдіршіннің анасы мен оның ағасы
2022 жылдың 17 мамырында Сарқан қаласындағы қоқыс алаңынан басы бір жақта, денесі бір жақта жатқан бес жасар бүлдіршіннің денесі табылған болатын, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Кеше осы баланы өлтірді деген күдікке ілініп, тергеуде отырған анасы Ақниет пен оның ағасы Ақтілектің соты басталған. Сот отырысынан ақпарат таратқан Информбюро қызметінің ақпаратына сүйенсек, бұл екеуі де баланы өлтірген жоқпыз деп отыр.
Дәлірек айтсақ, бес жасар қыздың анасы он төрт жасында баланы туғанын, бала аурушаң болғанын айтқан.
«Туған нағашы ағам зорлаған. Сондықтан, сал ауруына шалдыққан бала тудым. Он төрт жасымда. Баланың шетінегенін айтқамыз. Екінші рет тергеушілер түнде адвокатамыз жоқ кезінде келіп, қысыммен «баланы өлтірдік» деген жауап алып кетті», - дейді қазір үшінші баласына аяғы ауыр Ақниет.
Ал оның сыбайласы, яғни, баланың мәйітін қоқысқа тастасған ағасы Ақтілек болса «жүректе қорқыныш болғандықтан, ешкімге ештеме айта алмадық» деген.
Сонымен қатар, сотта куәгер ретінде Ақниеттің туысқаны Бақытгүл Өскенбаева есімді әйел жауап берді. Қаза тапқан бүлдіршін Аружан 1-3 аралығында мүгедек балаларға арналған бөбектер үйінде өсіпті. Кейін оны осы Бақытгүл Өскенбаева қамқорлығына алған.
«Бір жастан үш жасқа дейін мүгедек балаларға арналған бөбектер үйінде тәрбиеленген. Төрт жасынан бастап тоғыз ай өзім асырадым. Жап-жақсы бала болды. Бір күні келінім мен ұлым келіп алып кеткен. Сосын, келінім бауырын шақырып, оны өлтірген», - дейді куәгер.
Сот бес жасар баланың өліміне қатысты әлі үкім шығарған жоқ. Сараптама қорытындысына сүйенсек, баланы қылқындырып өлтірген және оның мәйіті қоқыста үш ай жатқан. Яғни, баланың денесі мамыр айында табылғанын ескерсек, ол 2022 жылдың ақпанында көз жұмған.