Еден жуған Жанғозин жұмысынан кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Ол елордалық Білім басқармасын соңғы үш жылдан бері басқарып келген еді

Sputnik Казахстан

Үш жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы қызметін атқарған Әнуар Жанғозин жұмыстан кетті. Бұл туралы ол өзінің Facebook-парақшасында жазған.

«Бүгін қаламызда білім басқармасының жетекшісі ретінде жасаған қызметім өз мәресіне жетіп отыр. 3 жыл ішінде күрделі де мазмұнды жұмыстар атқарылды. Елімізде алғаш енгізіліп жатқан жобалар, азаматтарға қатысты түрлі мәселелерді шешу, өз ісінің кәсіби мамандарымен жұмыс жасау мені бақытқа бөледі», - делінген Жанғозиннің жазбасында.

Биыл оқу жылының басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мектеп кабинеттерін оқушылардың өздері жуу керек деп ұсыныс айтқаны есте. Бұл бастамаға қатысты қоғам пікірі екіге жарылған тұста Әнуар Жанғозин өз кабинетінің еденін жуып, фотосын әлеуметтік желіге жариялаған болатын. Алайда, оның бұл әрекетін жақтағандардан көрі, сынағандар саны көп болды.

Жалпы, үш жылдық жұмысын қорыта келе, басқарма басшысы мектепке дейінгі мекемелер саны 263-тен 369-ға артқанын, жекеменшік балабақша санының екі есе көбейгенін жазды. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың балабақшаға қабылдануы 70,6%-дан 94%-ға көтерілген. Мемлекеттік тапсырыс 20%-ға (23 000-нан 27 931-ға) артқан.