«Шаруа қожалығында 10 жыл құлдықта болған». Полицейлер желі арқылы көмек сұраған адамды тапты
Қазір бұл факті бойынша тексеріс басталды
Жетісу полицейлері әлеуметтік желілерде көп жылдық еңбек құлдығы туралы мәлімдеген ер адамды іздеп тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
22 қарашада әлеуметтік желілерде ер адамның бейне хабарламасы шыққан. Ол соңғы 10 жыл ішінде Қаратал ауданындағы шаруа қожалық иесінің құлдығында болғанын мәлімдеді. Полицейлер видеоның авторы, Үштөбе қаласының 44 жастағы тұрғынын іздеп тапты.
Ер адам, оның отбасы мүшелерінің құжаттарын жұмыс беруші заңсыз иемденгенін айтады.
«Қазір ер адамның өтініші ресми түрде тіркелді. Оған қатысы бар барлық адамдардан түсініктеме алынды. Яғни, шаруа қожалығының иесі, оның қызметкерлері, сондай-ақ жәбірленушінің туыстары. Құжаттарды заңсыз алу фактісі бойынша тергеу амалдары басталды. Қылмыстық іс аясында сондай-ақ өтініш берушінің еңбекті пайдалануы туралы келтірген дәлелдері де тексерілуде. Ер адам және оның қызына көмек көрсетілуде. Тергеу барысында ол Талдықорған өңірлік «Әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері ұсынған тұрғын үймен, киіммен және тамақпен қамтамасыз етілген. Іс бойынша барлық тергеу әрекеттері Облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынды», - деді облыстық ПД бастығының орынбасары Елдар Әбдікенов.