Журналистермен сенбілікке шыға беретін министр Мәжіліс спикерінен сөз естіді

Автор: Azattyq Rýhy

«Орындаймыз, тексереміз, бақылаймыз» деген жалпы сөздермен ғана құтылмайсыз»,- деді Н.Нығматулин.

Бүгін мәжілісте "2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға өзгерістер енгізу туралы" заң жобасы қаралды. Сұрақ-жауап барысында депутат Сергей Симонов Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевке сумен қамту жүйелерін салу және қалпына келтіру бағдарламасы бойынша қаржыландыру неге едәуір қысқартылған деп сұрақ қойды. 

«Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы Пресновка су құбыры құрылысының бірінші кезегіне негізі 2,6 миллиард теңге қарастырылған. Бірақ, қазір бұл сома 81 миллион теңгеге дейін қысқарды. Сонда үкіметтің 2019 жылғы республикалық бюджетті орындау туралы есебін 99,99 пайызға әдемілеп жібергендеріңіз көрініп қалды. Осылайша, іс жүзінде 2020 жылға қарай елді мекендерді ауыз сумен қамту туралы тапсырмасын орындамай отырмыз. Бұл не, жобалау кезінде ақшаны ескермегіндік пе, әлде министрліктің сапасыз жұмысы ма? Және осы ретте кім жауапкершілік алады», - деді Симонов жалпы отырыста.

Мағзұм Мырзағалиев проблеманың бар екенін мойындады, бірақ, нақты сұраққа жауап бере алған жоқ. Біресе, сұрақты Қаржы министрі Әлихан Смайловқа қарай сілтеп, біресе, жобалық-сметалық құжаттағы қатені, біресе, мердігердің жауапсыздығын сылтау етті. Бірақ, Мәжіліс спикері бұған ең алдымен министр, тек қана министр жауапты екенін бірнеше рет қайталады. Және Мәжілістегі экономикалық реформа комитетіне осы мәселенің түбіне жетіп, зерттеуді тапсырды. 

«Жауабыңыздан іліп аларлық ештеме жоқ. Депутат нақты сұрақ қойды, жауаптан қашып, Әлихан Смайловқа «пас» беріп едіңі, ол кісі сізге өте кәсіби тұрғыда жауап берді (Қаржы министрі сметалық құжатты министрлік дайындайтынын және ақша бөлінген соң, ол бойынша жауап тек сол министрліктен ғана сұралатыны айтты - агенттік). Министр бұл жұмыстың қалай ұйымдастырылатынын мүлде білмейді, сіздің жауабыңызға қарап, сонда ой қалыптасып отыр. «Орындаймыз, тексереміз, бақылаймыз» деген жалпы сөздермен ғана құтылмақшысыз. Кәсіби түрде жұмыс істеу керек. Сенбілікке, әсіресе, журналистерді ертіп алып сенбілікке шыққан әрине, жақсы. Кәсіби маман екеніңді осындай да көрсету керек, қымбатты министр мырза!», - деп, қолын бірақ-ақ сілтеді.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан