Әлемнің 37 елінен 44 шетелдік БАҚ Тоқаев штабына келді

Автор: Azattyq Rýhy

Кездесу қорытындысында шетелдік БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізілді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабына шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Штабқа әлемнің 37 елінен 44 шетелдік БАҚ өкілі келді. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Ресей, Түркия, Бельгия, Испания, Австрия, Швейцария, Корея, Үндістан және т.б. елдерден келген журналистер бар.

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов оларды үгіт-насихат және талдау орталықтарының, кандидаттың қоғамдық қабылдау бөлмесінің, медиа-штабтың, сенімді өкілдердің жұмысын үйлестіру орталығының, байқаушылар штабы мен арнайы жастар алаңының жұмысымен таныстырды.

«Бұл – көпфункционалды, жоғары технологиялық орталық. Осы жерде сайлау науқаны кезінде белгілі бір шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік жасалды. Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Халықтық коалицияға кірген ұйымдардың өкілдері бір ай бойы, күні-түні жұмыс істеді. Штаб жұмысы ашықтық қағидаттарына сай және заң талаптарын қатаң сақтай отырып ұйымдастырылды», - деп атап өтті Асхат Оралов.

Кездесу қорытындысында шетелдік БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізілді. Оның барысында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы журналистерді қызықтырған барлық сұраққа жауап берді.