Жол құрылысының сапасына 10 жыл бойы мердігер жауапты болады

Автор: Azattyq Rýhy

Жол саласындағы реформада EPCM келісімшарты бар

Фото ашық дереккөзден

2025 жылға қарай Қазақстандағы жолдардың 95 пайызы жөнделіп, пайдалануға берілуі керек. Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау мақсатында жыл соңына дейін шамамен 1000 шақырымға жуық жол пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.  Тағы 3 мың шақырым жолды 2023 жылы аяқтау көзделген.

Қазан айында Парламент қабырғасында мәжіліс депутаттарының қатысуымен өткен «Үкімет сағатында» жол құрылысы мен жөндеу саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында ведомсвто жол саласын реформалау бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Azattyq Ruhy тілшісі бұл реформада қандай өзгерістер енгізілетінін анықтады.

Қайырбек Өскенбаев Үкімет сағатында айтқан баяндамасында болашақта автожол жобаларын іске асыру кезінде «Саннан сапаға» қағидаты қолданылатынын атап өтті. Бұл ретте автомобиль жолдарының сапасын арттыру мақсатында қолданыстағы заңнамаға бірнеше бағыт бойынша түзетулер пакеті әзірленгені белгілі болды.

Нақтырақ айтқанда ғылымды дамыту; материалдар мен жаңа технологиялардың электрондық базасын әзірлеу; нормативтік базаны жетілдіру;  жол жобаларын сапалы жоспарлау; құрылыс процесіне барлық қатысушылардың жауапкершілігін күшейту; жол құрылысы саласын цифрландыру мәселелері қолға алынбақ. Ведомстводағыдар түзетулер автожолдардың сапасын одар әрі арттыруға мүмкіндік береді деп сендіріп отыр.

Еліміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды. Соның ішінде 25 мың шақырымы – республикалық маңызы бар жолдар болса, 71 мың шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, басты мақсаттардың бірі – 2025 жылы республикалық желі бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесін 100 пайызға, ал жергілікті жол желілері бойынша 95 пайызға дейін жеткізу.

Жол саласын реформалау саясатындағы басты жаңалықтың бірі - EPCM келісімшарты болмақ.

«Салалық реформа аясындағы жаңашылдықтардың бірі – EPCM (engineering, procurement, construction, management) келісімшарты негізінде жол жобаларын көшіру және жүзеге асыру. Бұл келісімшарттың негізгі артықшылығы – келісімшарттың құны техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалау-сметалық құжаттамаға байланбай үлкейтілген бағалар бойынша айқындалатын болады. EPCM келісімшарттары шет елдерде өзін айқын дәлелдеді. EPCM келісімшартының қағидасына сәйкес, бір орындаушы жобаның толық өмірлік циклін жобалау кезеңінен бастап 10 жыл бойы осы бөлімді одан әрі күтіп ұстауға дейін жүзеге асырады. Сондай-ақ, EPCM келісімшартының мердігері жобаның қымбаттау тәуекелдеріне (жобалардың құнының өсуіне мердігер ғана жауапты), орындалған жұмыстардың тиісті сапасы, жобаны уақтылы іске асыру, одан әрі күтіп-ұстау бойынша міндеттемелерді өзіне алады (10 жыл ішінде жолды күтіп-ұстаумен реконструкциялаудан кейін орындаушының өзі тікелей айналысатын болады)», - дейді ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы Арман Кушев.

Сонымен қатар, Арман Кушевтің айтуынша барлық жаңа келісімшарттарға «FIDIC» халықаралық ережелерінің талаптарын енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл жол-құрылыс материалдары қымбаттаған жағдайда оның негізгі құнын түзетуді (эскалация) қолдануға мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда, ұсынылып отырған түзетулер жобалық шешімдер мен іздестіру жұмыстарын дұрыс  қабылдау үшін ғылыми тәсілді қолдана отырып, нормативтік базаны жетілдіруді және жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың электрондық базасын қалыптастыруды көздейді.

Жыл басынан бері ақылы автожолдардан түскен қаражат сомасы - 19,4 млрд теңге

Қазіргі уақытта республика бойынша жалпы ұзындығы 2 157 шақырымды құрайтын 11 ақылы автожол бар. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап бүгінге дейін осы ақылы автожолдардан түскен қаражат сомасы 19,4 млрд теңгені құрап отыр. Бұл қаражат толығымен осы ақылы автожолдарды тиісті деңгейде күтіп ұстауға, ағымдағы жөндеуге, сондай-ақ аппараттық кешендерді күтіп ұстауға жұмсалды.

Қазан айында өткен Үкімет сағатында  Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Альберт Рау өз сөзінде жергілікті жолдарды дамытуға қатысты түйткілді мәселелерді сөз етті. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, жергілікті жолдардың 80 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Алайда депутаттың айтуынша, зерттеу нәтижесі көрсеткендей, жергілікті маңызы бар жолдардың 18 мың шақырымында немесе 26 пайызында ғана асфальт-бетон жабыны бар. Ал қалған 74 пайызы қиыршық тас, топырақпен жабылған. Сондықтан депутат министрлікке көрсеткішті басқаша есептеу керектігін айтты. 

«Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингі бойынша Қазақстан жол сапасы бойынша 141 елдің ішінде 93 орында. Кения мен Танзания елдері бізден жоғары тұр. Жол битумының тапшылығы 2022 жылы 200 мың тоннаны құрайды. Ал бұл үлкен көлемде мұнай өндіретін ел үшін ұят. Президент өз Жолдауында Үкімет бұл мәселені түбегейлі шешуі керектігін айтқан болатын. Осыған байланысты мәжілісмендер жолдардың сапасын бағалау критерийлерін қиыршық тасты және топырақты жолдарды қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар қатарына жатқызбау бөлігінде қайта қарауды ұсынды», – деді Альберт Рау.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Мәжіліс депутаттарының ұсынысын толығымен қолдайтынын айтып отыр.

«Жалпы пайдаланып жатқан автожолдардың жағдайы «жақсы», «қанағаттанарлық» және «қанағаттанарлықсыз» болып үшке бөлінеді. Қазіргі уақытта автожолдардың жағдайын бағалау кезінде қиыршық тасты және топырақты автожолдар қанағаттанарлықсыз автожолдардың қатарына жатады. Мысалы, республикалық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы 25 мың шақырымды құрайды, оның 10 пайызы немесе 2,5 мың шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда, яғни бұлардың ішінде қиыршық тасты және топырақты автожолдар бар», - дейді ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы Арман Кушев.

Биыл 862 шақырым жол пайдалануға беріледі

Жалпы елімізде 2015 жылдың сәуір айында «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Аталған бағдарламаның бірінші бесжылдығында 10 мың шақырым республикалық маңызы бар жолдар мен 15 мың шақырым жергілікті маңызы бар жолдар жөнделді.  Сонымен қатар, республикалық маңызы бар 3 мың шақырымға жуық автожол салынып, қайта жөнделді. Оның ішінде: Батыс Еуропа – Батыс Қытай — 527 км, Орталық – Оңтүстік — 324 км, Орталық – Шығыс — 795 км, Қапшағай – Талдықорған — 160 км, Астана (Нұр-Сұлтан) – Петропавл – РФ шекарасы — 177 км, Орал – Каменка — 100 км, Ақтөбе – Атырау – Астрахань — 42 км, Талдықорған – Өскемен — 20 км, Қалбатау – Майқапшағай — 18 км, Бейнеу – Ақтау — 382 км, Жетібай – Жаңаөзен — 73 км, Бейнеу – Ақжігіт — 85 км, Щучинск – Зеренді — 80 км, Таскескен – Бақты — 80 км, Астананың (Нұр-Сұлтанның) Оңтүстік-Батыс айналымы — 34 км, Сәтпаев айналымы — 15 км, Павлодар – Омбы — 59 км, Тобыл өзені арқылы өтетін көпір — 3 км.

«Жалпы бес жылға республикалық желіде құрылыс және реконстуркция жұмыстарына, күрделі және орташа жөндеуге, жергілікті желіні дамытуға бөлінген қаражат көлемі 2,5 трлн теңгені құрады. 2020-2021 жылдар аралығында 580 млрд қаражат игерілді. Нақтырақ айтқанда 2020 жылы 431 млрд теңге, ал 2021 жылы 419 млрд теңге. Біздің жоспарға сәйкес, қазіргі уақытта реконструкциялаумен қамтылған барлық жобаларды толығымен аяқтау көзделген. Бұл 4 мың шақырымды құрайтын келесі жобалар: Талдықорған-Өскемен, Астана-Алматы, Ұзынағаш-Отар, Меркі-Бурылбайтал, Ақтөбе-Қандыағаш-Мақат, Атырау-РФ шекарасы, Қалбатау-Майқапшағай, Үшарал- Достық, Қостанай-Денисовка, Қызылорда-Жезқазған, Петропавл-РФ шекарасы, Павлодар-Семей, Шамалған айналма жолы, Подстепное-Федоровка және Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы», - дейді Арман Кушев.

Жалпы 2020-2021 жылдар аралығында 575 шақырым жол пайдалануға берілді. Нақтырақ айтқанда, Бейнеу- Ақжігіт (85 шақырым), Астана-Павлодар жолының Павлодар облысы бойынша учаскелері (91 шақырым), Үшарал-Достық (30 шақырым), Астана қаласының оңтүстік батыс айналымы жолы (30 шақырым), Қаработа-Қостанай жолы (70 шақырым) және т.б. Ал жөндеу жұмыстары бойынша 2022 жылға дейін 2 мың шақырымға жуық жол пайдалануға берілді. Сонымен қатар, биыл 862 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарда бар.  

«Қазіргі уақытта республикалық желінің нормативтік жағдайы 90 пайызды құрайды. Айта кетейік, Ұлттық жобада 2 200 шақырым болатын жобалардың кейбір бөлігіне жаңа жол учаскелерін салу көзделген. Өтпелі жобалар аяқталғаннан кейін жоспарланып отырған учаскелерді реконструкциялау жүргізілгенге дейін жолдардың жай-күйі жөндеу жұмыстары арқылы нормативтік жағдайға келтіре отырып қолдау көрсетілетін болады. Осыған орай ең алдымен қазіргі жобаларды аяқтауға және 2022 жылдан соң жобалық-сметалық құжаттам әзірленіп жатқан жаңа жобаларға кезең-кезеңмен көшетін боламыз», - деді ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы.

Биыл құрылыс және жөндеу жұмыстарымен 11 мың шақырымнан аса жол қамтылған. Оның ішінде 4 мың шақырым жол құрылыс және реконструкциялаудан, 3,2 мың шақырым жол күрделі және орташа жөндеуден өтеді. Ал жергілікті желідегі құрылыс және жөндеу жұмыстарымен 4,2 мың шақырым жол қамтылады. Нәтижесінде 2022 жылдың болжамды қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар жолдардың нормативті жағдай үлесі 91 пайызға дейін, ал жергілікті жолдар 85 пайызға дейін ұлғаяды.

Айжан Жанатқызы